Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толды

Қазақ әдебиетінде «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарының шоқтығы биік.

Оны қай буын болсын сүйіп оқиды. «Қан мен тердің» желісімен таспаланған кино әлі күнге дейін экраннан түскен жоқ. Спектаклі де көрермен тарапынан жоғары бағасын алды.

Бүгін осы шығармалардың авторы, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толып отыр.

«Әбдіжәміл Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің ұстазы деуге болады. Біздің буын бақытты. Әбеңдей ұстазды көрдік. Сол кісімен бірге өмір сүрдік. Лебізін естідік. Ол кісінің тағылымын тыңдадық»,-дейді қаламгерлер бірауыздан.

Ол ғасырға жуық ғұмыр кешті. Соның 80 жылын қалам ұстап өтті. Әдебиетке деген адалдықты, шығармашылыққа деген жауапкершіліктің қандай болатынын ісімен көрсете білді. Ал шығармасының өміршеңдігі махаббат, адамгершілік сияқты қасиеттерді сол заманға, сол уақытқа сәйкестендіріп жаза білгендігінде. 

Тұрысбек Сәукетаев, жазушы:

- Сол уақыттың кезеңін, мінез-құлқын өз қалпында шебер бейнелей біледі. Сол үшін де бұл кісінің шығармалары өміршең. Бұл кісі үлкенге де, кішіге де, сауатты адамға да, сауатсыз адамға да бәріне де  жақын. Өйткені өмірдің ауасындай, өмірдің өзіндей бұл кісінің шығармасынан көркем шығарманы емес өмірді көресіз. Өмірге еніп кетесіз.

Әбдіжәміл Нұрпейісов әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы соғыс тақырыбына арналып жазылған «Курляндия» романы. Ол 1950 жылы жарық көрді. Кейін оны өңдеп, толықтырып «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады

Бейбіт Қойшыбаев, жазушы:

- Бұл кісі үлкен кісілердің үлгісін көрді. Мұқаңның алдын көрді. Сәбит Мұқановтың үйінде жатты. Әрбірден кейін тәрбиесін көрді. Соның бәрін қадірледі. Солардан көп үйренді. Соғыста басынан кешкен Курляндия деген романын жазды ғой. Соны Сәбеңнің үйінде жазды ғой. Өзі бір кішкене қолжазбасын алып келген. Сәбит Мұқановтың қамқорлық болуымен соны дамытып шығарды.

«Қан мен тер» трилогиясы болса әдебиеттегі шоқтығы биік туындыға айналды. Революция тақырыбына жазылған қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан ерекшеленді. Сондықтан, халық оны іздеп жүріп оқыды. Көпшіліктің жүрегінен орын алғаннан кейін ондағы оқиға желісімен кино түсіріліп, театрда сахналанды. Ал «Соңғы парыз» роман-дилогиясында Арал теңізінің апатқа ұшырауын суреттейді. Оған қоса Нұрпейісов аударма ісіне өте мұқият қараған. Өзі орыс тілін жетік білгендіктен сол тілге тәржімалағанда аудармашыларды өзі шақыртып отырған. 

Заманбек Әбдешев, жазушы:

- Бұл кісінің романдарын оңай адам аударған жоқ. Юрий Казаков деген орыстың керемет жазушысы болған. Сол кісіні алып келіп, Алматыда жатқызып кереметтей аударма жасатқызды. Анатолий Ким дегенмен керемет дос болды. өзінің шығармаларын қазақ оқырмандарына ғана таныстырып қоймай, бүкіл орыс, орыс арқылы бүкіл әлем білсін деген дүние ғой.

Расымен классик жазушының туындылары бірнеше тілге аударылып, әлем жұртшылығына таныс болды. Қаламгерлерлердің айтуынша, бұл кісінің шығармасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Жазғандарын шеберлік мектебі ретінде қолданса да артық етпейді.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев