Моңғолиямен стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойылды
Қазақ пен моңғол бауырлас халық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында екіжақты және кеңейтілген құрамда қазақ көшбасшысымен келіссөздер жүргізген Моңғолия басшысы осылай деп лебізін білдірді.
Тараптар бұл сапардың тарихи сипатымен қатар келешек маңызына ерекше тоқталды. Бүгін екі елдің басшылары басты құжат - Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Сухэ батыр алаңы. Көшпелі мұңғұл мәдениетінің барлық сән-салтанаты айшықталып тұр мұнда. Кезінде Орхоннан шығып Адриат теңізіне дейінгі аралықта тұяғының ізі қалған әйгілі моңғол жылқылары мен жарты әлемде жауынгерлік бейнесі сақталған батырлар, ұлттық үлгіде киінген қарауыл сарбаздары. Көшпенділер империясының тағы бір мұрагері Қазақстанның басшысын қарсы алуға барын салуда.
Берік Дүйсенбай тілші Ақ үйдің кіре бересінде тура ортада Ұлы қағанның ескерткіші. Қос қапталда Шыңғыс хан құрған қағанаттың қазіргі ұрпақтары Қазақстан мен Мұңғылияның тулары. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнагийн Хурэлсэхтіңтің бүгінгі кездесуі байырғы көшпенділердің жаңа заманда қайта қауышқанын айғақтап тұрғандай.
Салтанатты қарсы алу рәсімінен соң Қасым-Жомарт Тоқаев қонақтар кітәбына қолтаңбасын қалдырды. Мұнан соң екі елдің басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қазақ президенті тарихы-тамырлас Моңғолия еліне деген Қазақстанның ниетін бірден айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті Құрметті Президент, бүгін Сіздің шақыруыңыз бойынша Моңғолияға мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Маған және Қазақстан делегациясына, бұл – үлкен құрмет. Бүгін біз екіжақты маңызды құжаттарға, соның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қоямыз. Бұл қадам елдеріміздің барлық деңгейдегі ықпалдастығын жандандыруға арқау болмақ. Сондай-ақ қос халықтың игілігі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін.
Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолия президенті Шын мәнінде, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын болған еді. Еліміз Сіздің бүгінгі сапарыңызды екіжақты ынтымақтастықтың таяу жылдардағы перспективті бағыттарын айқындайтын мезет ретінде қарастырады. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды.
Саяси байланыс, сауда-саттық және өзара инвестия. Оның сыртында ауыл шаруашылығы, тау-кен және металлургия, энергетика, көлік-логистика, қаржы салаларындағы қарым-қатынас мәселелері қос президенттің әңгімесіне арқау болды. Кездесу соңында Моңғолия Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа 60 мыңнан астам сөз енген Қазақ-моңғол сөздігін сыйға тартты.
- Мұнан соң екі елдің басшылары ресми делегациялардың қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен индустриясы, өнеркәсіп, инвестиция, жаңа технологиялар, ғарышты игеру салаларында ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін.
Көшпелі өркениеттің мұрагерлері болғандықтан мәдени-гуманитарлық байланыстар да тереңдетуге сұранып тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев моңғол студенттері үшін квота санын ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ екі ел ғалымдарын ортақ тарихты бірлесе зерттеуге шақырды. Экологиялық, тарихи, этнографиялық және экономикалық туризм бағыттарында да бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігі бар.
Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанмен екі жақты байланыстардың барлық бағытын нығайтуға бейіл екенін атап өтті. Қазақ елін шығыс пен батыстың арасындағы алтын көпір деп бағалаған Моңғолия президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының екі ел арасындағы тауар айналымын 500 млн долларға дейін жеткізу ұсынысын қолдады. Келіссөздер аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Екі ел үкіметінің мүшелері құжаттармен алмасты. Көлік логистика, мәдени гуманитарлық, әлеуметтік, атом энергетикасы, ауыл шаруашылығы және цифрлық даму бағыттарындағы ықпалдастыққа арқау болатын жиыны 11 құжат.
Мемлекет басшылары Бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі тарихи кездесу Жошы Ұлысының 800 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын ерекше атап өтті. Мәдени байланыстармен қатар сауда экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге уағдаластық деді. Айтуынша екі ел арасындағы алыс беріске еш кедергі болмауы тиіс. Үкіметтерге барлық бюрократиялық мәселелерді шешуге тапсырма берілді. Алдағы міндет – тауар айналымын 500 млн долларға жеткізу. Ол үшін екі арада жүріп тұрудың мәселесін шешіп алу ләзім.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті Халықаралық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыру – маңызды міндеттің бірі. Ол үшін екі ел арасындағы және басқа мемлекеттермен көлік қатынасын жетілдіру қажет. Сонда елдеріміздің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемі ұлғая түседі. Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану маңызды.
Көлік қатынасын жолға қоюға моңғолия тарапы, әсіресе кәсіпкерлер мүдделі.
Бердәулет Көбей, Моңғолиядағы жол компаниясының директоры:
- Екі елдің қарым-қатынасы ары қарай үлкен дамуына бірінші бізге ең керек нәсте логистик жағынан ба. Өйткені екі елдің ортасында кішкентай көпір бар. Тікелей жаңағы шекара несі жоқ. Сол жағынан кіттей дамытса деп.
Қол жеткен уағдаластықтардың бірі мал шаруашылығы жақсы дамыған Моңғолияға ветеринарлық вакцина зауытын салу.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Тараз қаласында казбиофарм лабораториясы бар. Олар вакцина шығарады. Ящурге қарсы. Франциямен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Осы жерде бір филиалын ашуға қай уақытта болады, қалай болады. Қандай деңгейде жұмыс істейміз деген сияқты екі арада сондай қарым-қатынас болады.
Оның сыртында тері, жүн өңдеу бағытындағы Моңғолияның бай тәжірбиесі Қазақстанға артық етпейтіні анық. Тағы бір маңызды мәселе цифрлық технологияларды дамыту. Президент Қазақстанның киберқауіпсіздік, электронды үкімет және ғарыш саласындағы жетістіктерін әріптесіне жеткізгенін айтты. Оған негіз жоқ емес.
Баян Коңырбаев, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы:
- Қазіргі таңда Моңғылия халқы әдемдегі ең жас ұлттардың бірінен саналады. Халқының 60 пайыздан астамының жасы 35 ке жетпейді. 3 млн адамдық нарық. Олардың дені заманауи сандық технологиялардың игілігіне ұмтылумен қатар оны тез игеріп, дамытуға бейіл. Оның сыртында бұл елде электронды үкімет те қарқынды дамып келеді. Бізге Моңғолияда сандық қызметтерді біртіндеп енгізумен қатар, өзімізге де жаңа бағыттарын жасап көру қызықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-Моңғол іскерлік кеңесінің алғашқы отырысында ауқымды коммерциялық келісімдерге қол жеткенін атап өтті. Алыс- беріс әлеуетін арттыру үшін қолайлы жағдай туғызу керек. Үкімет оған дайын.
Ғабидолла Оcпанқұлов, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы:
- Моңғолия дүниежүзі бойынша мыс, алтын өндірісі өте жақсы жолға қойылғандықтан, бұлардың да жинақтаған тәжірбиесі бар. Және өз қаражаттарымен Қазақстанмен бірлескен кәсіпорын құру арқылы біздің елімізде осы тау-кен саласына, оның ішінде мыс өңдеу саласына инвестиция салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Жалпы 6 құжатқа қол қояды. Оның жалпы құны 70-75 млн АҚШ долларына дейін жетеді.
Қазақ - моңғол ынтымақтастығы
Қасым-Жомарт Кемелұлы сондай-ақ Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесті. Хурал бізше парламент. Биыл маусым айында парламент сайлауының табысты өтуімен құттықтаған президент демократиялық үрдістердің ел дамуына елеулі үлес қосатынын, халықаралық аренада мемлекеттік абыройын арттыратынына сенім білдірді. Қазақ лидері атап өткендей депутаттардың достық тобы паралментаралық байланыстарды нығайтуы тиіс. Сондай-ақ мемлекет басшысы Моңғолияның премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэмен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті « Бүгін Сіздің еліңізге Президент Хурэлсухтың шақыруы бойынша арнайы мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Қазақстан мен Моңғолияның арасындағы ынтымақтастыққа стратегиялық сипат беру үшін екі ел үкіметтері алдында тұрған міндеттерді айқындадық. Шын мәнінде, бізге экономикалық байланыстарымызды дамытуға тың серпін беретін өте ірі жобалар қажет»
Мемлекеттер басшыларының деңгейінде қабылданған шешімдерді Моңғолия Үкіметі орындауға дайын. Премьер-министр Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ осылай деп сендірді. Айтуынша, Ұлан-Батыр Қазақстанның даму жолын жіті назарда ұстап отырады екен.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапары аясында Ұлан Батырдағы Шыңғыс хан ұлттық музейіне барды. Нысан 2019 жылы ашылған. Оның қорында 10мыңнан астам жәдігер бар. Көрмеде ұлы жиһангер тұлғасынан бөлек Ғұн дәуірінен 20 ғасырға дейінгі Моңғол мемлекетінің қалыптасу кезеңдері қамтылған. Музейде Еуразия кеңістігіндегі көшпелі халықтардың мәдениеті мен өркениетін зерттеп дәріптеу мақсат етілген. Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақтар кітабына: «Шыңғыс хан ұлттық музейі – ұлы тұлғаның және тұтас мемлекеттің шежіресі. Руханият ордасы ел игілігіне қызмет ете берсін. Моңғолия халқының мерейі үстем болсын!» деп жылы лебізін жазып қалдырды.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Кезінде аулымыз аралас, қойымыз қоралас отырған қоңсы халықтар едік, тарих енгізген түзетулерден соң кішкене арамыз алшақтағаны рас. Ендігіде тарихқа түзету енгізетін уақыт келген сияқты. Қазақ елі президентінің бұл сапарынан соң барлық бағыттағы байланыстарға қан жүгіруі тиіс. Орталық Азияның жетекші елдерінің бірі ретінде Қазақстан Моңғолияға керек, қойнауы кенге бай, даму әлеуеті орасан Моңғолия Қазақстанға керек екеніне шүбә жоқ. Себебі саяси-экономикалық байланыстардан биік - ортақ тарихтан өрбіген көшпенділердің бауырластық рухы тұр.
Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Ділмұрат Сейдаханов