Барлық балабақшада ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілмек

Маңғыстау облысында балабақшаларды қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. Жалпы облыс бойынша 390 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. Оның 250-і жекеменшік, ал қалғаны мемлекеттік саналады. Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе жемқорлық тәуекелдерді азайтып, мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыруға ықпал етеді.

2025 жылы барлық балабақшада ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі

Үкімет басшысының орынбасары мектепке дейінгі білім беру ұйымдары өкілдерімен кездесуде Таразда енгізілген ваучерлік қаржыландырудың тиімділігі туралы айтты. «Пилоттық жоба ата-аналарға балабақшаны таңдау мүмкіндігін беріп, қаржыландырудың ашықтығы көрсетті. Осының арқасында мемлекет қаржысы айтарлықтай үнемделді. Жүйені келер жылдан бастап барлық өңірде енгізу жоспарланған», – деді Тамара Дүйсенова.  

 

Өңірде техникалық және кәсіптік білім беретін 26 мекеме бар

Маңғыстауда техникалық және кәсіптік білім беретін 26 мекеме жұмыс істейді. Түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіші 72% шамасында. Облыста тірек колледждері айқындалып, өзара тәжірибе алмасу ісі қолға алынды. Мысалы, қызмет көрсету саласына қажетті мамандар даярлайтын Маңғыстау туризм колледжі өңірдегі және шетелдегі ірі компаниялармен тығыз әріптестік орнатқан.

Тамара Дүйсенова орта кәсіптік оқу орындары оқытушыларының қатысуымен өткен жиында колледждердің жұмысы бағаланып, лигаларға жіктеу болатынын айтты. «Даярланатын мамандардың бәсекелестігін арттыру үшін оқу процесіне халықаралық стандарттар енгізіледі. Осыны қолға алған, түлектері жоғары жалақы алатын колледждерге ынталандыру төлемдері қарастырылады», – деді ол.

 

Фармацевтикалық қоймада дәрі-дәрмектің 6 мың түрі сақталады

Елде 1 шілдеден бастап барлық дәрілік заттар міндетті таңбалауға алынғаны белгілі. Осы уақыттан бері Маңғыстауға 43 түрлі дәрілік заттар жеткізілді. Қазір Ақтаудағы фармацевтикалық қоймада дәрі-дәрмектің 6 мың түрі сақталып, жергілікті дәріханалар мен емдеу мекемелеріне күнделікті сұранысына қарай бөлінеді. Мамандар қоймадан босатылған уақыттан бастап оны мұқтаж адамдар алғанға дейінгі емдік препараттардың қозғалысын онлайн бақылайды.

Айгүл Үтекова, фармацевтикалық қойманың меңгерушісі:

- Дәрілік зат зауыттан шыққаннан соңғы клиент алғанға дейін барлығы көрініп тұрады. Яғни, дәріні қайдан алды, қайда жіберді, кімге жіберді, ең соңғы дәріхана қабылдап алып, соңғы тұтынушы қабылдап алғанға дейін соның бәрі көрініп тұрады. Қазіргі кездегі фальсификацияны жоюға көмектеседі деп ойлаймын.

Премьер-министрдің орынбасары өңірдің медицина саласына қатысты өзекті сауалдарды емдеу мекемелерінің басшылары қатысқан кеңесте жан-жақты талқылады. Жиында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ерекше басымдық берілді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Жалпы денсаулық сақтау саласының мамандарын бір нәрсеге бейімдеп жатырмыз. Яғни, қолында медициналық сақтандыруы бар азамат медициналық мекемеге келіп, толық көлемде медициналық сақтандыру жүйесінің қаржыландыруы арқылы көмекті алуы керек. Яғни, өзінің қалтасынан қосымша қаражат төлемеуі керек деп отырмыз. Негізгі бүгін айтылған мәселеміз – осы.

 

Спортты қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізіледі

Вице-премьер спорт саласының қызметкерлерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Жаттықтырушылармен кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Онда Президент Жолдауында дамытуға басымдық берілген спорт түрлерін қаржыландыру жүйесі мен саланы цифрландыру мәселесі сөз болды. Тамара Дүйсенова Маңғыстауға жұмыс сапарының алғашқы күні көтерілген барлық сұрақ бойынша облыс әкіміне бірқатар тапсырма жүктеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.