Францияның Гиме мұражайында «Ұлы дала қазынасы» атты көрме өтеді

Бірер күннен соң Франция астанасы Парижде Мәдениет және ақпарат министрлігінің және еліміздің Франциядағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстанның Ұлттық музейі ұйымдастырған «Ұлы Дала қазынасы» атты көрмесі өтеді, деп хабарлайды 24kz.

Әйгілі Гиме мұражайында Азия өнерінің әлемдегі ең толық және Еуропадағы ең үлкен коллекциясы бар. Екі елдің мұражайлары қазақ мәдениетіне тән құнды жәдігерлерді көрмеге дайындау үшін бірнеше ай дайындалған. Ұйымдастырушылар көпшілікке көрме заттарын жаңашыл форматта таныстырмақ. Көрме Қазақстан тарихына сапар шегетін қойылым ретінде ұсынылмақ. Гиме мұражайы Президентінің айтуы бойынша бұл экспозицияны бес ай бойы тамашалауға мүмкіндік бар.

Янник Линц, Гиме мұражайының президенті:

- Шедеврлерге келетін болсақ, біз мұнда да жаңашыл болғымыз келді. Көрмеде 20-ға жуық экспонат болады. Сол арқылы Қазақстан тарихының бірнеше мың жылын қамтитын бес дәуір ұсынылады. Біз осы шедеврлер, осы қазыналар арқылы өркениеттердің тоғысуын көрсетіп, Қазақстанның дүниежүзілік тарихтағы орнын көрсеткіміз келеді.