Президент мемлекеттік сапармен Францияға барды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Франция Республикасына барды.
Париж әуежайында оны Францияның Сыртқы істер министрі қарсы алды. Мемлекет басшысы екі күндік сапар аясында Эмманюэль Макронмен келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ бизнес өкілдерімен кездеседі. Сапарда, не талқыланады?
Франция Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапарына тыңғылықты дайындалды. Париж көшелеріне қазақ туы ілініп, ұлы дала мәдениетінен сыр шертетін жазбалар қойылды. Ел билігі құрметті қонақты лайықты қарсы алуға әзірлігін аямағаны көрініп тұр. Бизнес-қауымдастықтың да жұмысы қауырт. Себебі, сапар аясында құны млрдтаған долларға татитын келіссөз күтілуде.
Елисей сарайымен кәрі құрлық ғана емес, тұтас жаһан санасады. Саяси салмағы мен экономикалық қуаты ұшан теңіз. Ең бастысы, осынша әлеуетке ие Париж Орталық Азиядағы негізгі серіктес ретінде Астананы таңдады.
Биыл қос елдің тауар айналымы 4 млрд долларға жуықтады. Айтарлықтай өсім бар. 2,69 млрд доллардың тауары сатылған. Ал импорт 1 млрд доллардан асады. Мұндай серпінді серіктестікте екі жақ та өз мүддесін ойлайтыны жасырын емес. Президент сапарында осы уағдаластықтағы ұпайымызды түгендеп алу маңызды. Көлемді келіссөздер ертең күтіледі. Десе де, ілкімді істің ізашары бүгін іскерлік кеңестен басталды.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы:
- 24 құжатқа қол қойылды. Соның он екісі коммерциялық құжаттар. Оның соммасы 2,2 млрд доллар. Жалпы Франция инвесторлары көптеген салаға қызығушылық танытып отыр. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, вакцина даярлау. Уранды өңдеуге байланысты компаниялар уранды өңдеу ғана емес оны қолдануға арналған технологиялар әкелетін болады.
Мемлекеттік сапар кезінде Президент сауда-экономика мен инвестиция саласына баса назар аударатыны сөзсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның іскер топтарының бірқатар өкілімен кездесуді жоспарлап отыр. Жалпы, мұндағы инвесторлар энергетика мен тау-кен секторына қызығады. Ал Қазақстанды экономикасы тұрақты, бизнес климаты жайлы мемлекет ретінде таниды.
Кристиан Жано, ASSYSTEM компаниясының вице-президенті:
- Қазақстанның экономикалық әлеуеті инвесторларға тартымды екенін байқадым. Жыл сайын 6-8 пайыздық ЖІӨ өсіміне қол жеткізуге ұмтылуда. Оған қоса энергияны әртараптандыруға көшудің алғышартын жасады. Металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс сияқты салалар үлкен қуатты қажет етеді. Ал ядролық энергия – ұзақ мерзім бойы энергияның бағасы және өндірілетін қуаттың тұрақтылығын сақтайды. Бұл шын мәнінде инвесторлар сенімін арттырады. Демек, Қазақстанның инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндігі мол.
Сарапшылар агроөнеркәсіптегі байланысты жоғары бағалап отыр. Француздардың жылқы шаруашылығына қызығушылығы басым. Осы істің қыр-сырын отандық атбегілерден үйренгісі келеді. Бұл үшін ферма салып, қаржы құюға да дайын көрінеді. Ал біздің тарап энергетикадағы тәжірибе алмасуға ниетті. Экономистер уран тақырыбына мұқият зер салған дұрыс дейді.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Біз бір ғана бағытпен үлкен экономикалық серпін алуымызға болады. Жақында ғана өткен АЭС салынуының өзі және уранның 40 пайызының Қазақстан территориясында жатуы әлемдік запас бойынша осының өзі қаншама уранның маңайында ашылатын бірлескен кәсіпорындардың туындауына әкеледі. Франция мемлекеті уран өндірісі бойынша, атом энергетикасы бойынша держава болғандықтан ол жерде үлкен тәжірибе бар, мамандардың қалыптасуы бар және қауіпсіздік мәселесін де жоғары деңгейге көтеріп тастаған. Бұл жерде Қазақстанның да мүддесі бар.
Жаһан сарапшылары Францияны инвестиция тарту жағынан 1-санаттағы елдердің тізіміне жатқызады. Мұны іс жүзінде де байқау қиын емес. Жергілікті инвесторлар Қазақстан экономикасына 20 млрд долларға жуық қаржы салды. Елде франциялық 204 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазір қосымша 7 жоба жүзеге асып жатыр. Оның құны 2 млрд доллардан асады. Екі тарап та қатынасқа қарқын қосқысы келеді, бұған қос мемлекеттің биліктері де бейіл.
Бекзат Аманов, тілші:
- Мемлекет басшының Францияға сапары келелі келіссөз бен қомақты қаржыны қамтитын құжаттарға толы болады. Бұл елдің инвестициялық әлеуеті мол. Қасым-Жомарт Тоқаев Парижге 2022 жылы келген еді. Ол кезде млрдатаған долларды құрайтын 25 құжатқа қол қойылды. Бұл жолғы мемлекеттік сапан да бұдан қалыспасы анық. Экономикаға қанша қаржы құйлатыны белгісіз, бірақ келіссөздің көкжиегі кең болары сөзсіз.
Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Дулат Ентебеков