Қ. Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде ерекше қонақжайлық көрсеткен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен бір туған қырғыз халқына шынайы ризашылығын білдірді. Сонымен қатар мемлекет басшысы еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы аясында атқарылған шараларға тоқталды. Қазақстан түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән берді. Осы аралықта 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылдадық. Оның ережесі бекітілуге дайын, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Тағы Президент ұйым аясында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар да беки түскенін атады. Биыл ұйымға мүше елдер арасындағы сауда айналымы 45 миллиард доллардан асқан.