Бүгін – Халықаралық зағиптар күні

Көзінің нұры тайса да жасымай, өзгеге үлгі болған талай жандар бар. Әйтсе де, олардың көпшілігіне қолдау қажет.

Иә, зағиптар үшін көшеде бағдаршамнан өту, жөн сұрау, басқа да қажеттіліктер көп. Ондайда арнаулы қосымша көмекке келеді. Қазіргі технология дамыған заманда кез-келген жерден, кез-келген уақытта сіз мүмкіндігі шектеулі жанға қол ұшын соза аласыз.

Астаналық Жанбота осы уақытқа дейін көптеген зағип жанға қол ұшын бергенін айтады. 2 жыл бұрын көз жанарынан айырылғандарға көмектесетін қосымша барын естіп, тіркелген. Сол кезден адамдар түрлі өтінішпен хабарласады.

Жанбота Нуркина, Астана қаласының тұрғыны:

-Маған хабарласқан адамдардың ішінде көбінесе үйде отырып, теледидар каналдарын ауыстыра алмай жатып, көмек сұрайды немесе дүкендерде жүріп, азық-түліктердің жарамдылық мерзімін, уақыты өткен-өтпегенін сұрайды. Содан кейін мысалы, жолда тұрып, қай көшеде, қай мекеменің қасында тұрғанын біле алмай: «Оңға жүрейін бе, солға жүрейін бе», - деп сұрайды.

Яғни, волонтер мен көмекке зәру адам бейнеқоңрыу арқылы байланысқа түседі. Зағип жандар кез келген тұрмыстық мәселе бойынша көмек сұрауы мүмкін.

Қосышада көмекке мұқтаждардан гөрі волонтерлер саны көп. Әлем бойынша 8 млн волонтер тіркелген. Ал зағип жандар 700 мыңнан асады.

Жанбота Нуркина, Астана қаласының тұрғыны:

- Жалпы адамдар волонтер дегенді ақшалай көмектесу, бір затты беру немесе барып көмектесу деп ойлайды. Бұл қосымшаның бір жақсысы, ешқандай қаражат, ешқандай уақытың кетпейді, тек ары кетсе, 1-2 минут қана уақытыңды алады.

Кейіпкеріміз кез-келген жерде жүріп-ақ, аз ғана уақытын бөлсе де, көз жанары айырылған жандарға қол ұшын созу өте маңызды деп ұққан. Сондықтан заманауи технологияның осындай игілігін пайдаланып, қашықтан болса да, қоғамға пайдасын тигізіп жатыр.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Ырыстанббек Оспанов