Президент Дүниежүзілік климат саммитіне қатысты

Қауіп төнген қарт Каспийді құтқару - баршаға ортақ міндет.

Бұл ретте Қазақстан тарапы бауырлас Әзербайжанның маңызды ұсынысын толық қолдайды. Бүгін Бакуде өткен дүниежүзілік климат саммитіне қатысқан Президент осылай деді.

Жоғары мінберден бірінші болып сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті. Жалпы бұл Саммитке 80-нен астам мемлекет басшылары, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Каспий теңізінің жағасында, алты құрлықтың өкілдері қоршаған ортаны қорғаудың тың жолдарын іздеуге күш біріктірді. Экологиялық ахуалды жақсарту жолында әр ел орман-тоғайды қалпына келтіру, ауа сапасын арттыру, энергия көздерін жаңарту сынды маңызды міндеттерді майшаммен қарауда. Су мен жер тағдыры біздің елді де алаңдатып отыр. Сондықтан да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Әзербайжан еліне арнайы жұмыс сапармен барды.

Мейманға деген құрмет ерекше. Тіпті Президент СOP29 саммитінің пленарлық сессиясында жоғары мінберден бірінші болып сөз алды. Еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде биік мақсат қойып отыр. Бұл міндетті орындау үшін нақты қаржыландыру көздері мен заманауи технологиялар керек екені белгілі. Осы ретте Президент «Климаттық қаржыландыру бойынша жаңа ұжымдық мақсат» аясында теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге айрықша мән берілуі қажеттігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз.

Қазақстанда ауыл шаруашылығына жарамды 200 млн гектар жер бар. Қазір еліміз ауаға таралатын парниктік газдардың мөлшерін азайтуға мүдделі. Сондықтан да мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға қызығушылық танытқан тараптарды Қазақстанға шақырып, саланың әлеуеттін зерттеуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміз әлемдік уран жеткізу ісінің 43 пайызын қамтамасыз етеді және көміртегі мөлшері төмен қуат көзі саналатын ядролық энергетиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Биыл қазан айында өткен жалпыұлттық референдумда халқымыздың басым бөлігі Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдады. Біз осы саладағы жетекші технологиялық алпауыттармен серіктесе отырып, аталған жобаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтыламыз.

Су мәселесі де өзекті. Климаттың өзгеруі осы тіршілік көзіне әсер етіп отыр. Президенттің сөзінше қазір Каспий теңізіне де қауіп төніп тұр. Енді оны құтқару маңызды. Бұл баршаға ортақ міндет. Осы ретте Қасым-Жомарт тоқаев Әзербайжан басшысының ұсынысын қолдайтындығын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Климаттың өзгеруі жаһандық су цикліне әсер етіп отыр. Әлемдегі табиғат апаттарының 80 пайыздан астамы су төңірегінде орын алады. Биыл біздің еліміз бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынымен бетпе-бет келді. Келешекте осындай төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етіп, одан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарын тез атқару үшін қауіп-қатерді басқарудың кешенді жүйесін енгіземіз. Су мәселесіне жаһан назарын аудару мақсатында биыл желтоқсан айында Франциямен бірлесіп One Water саммитін өткіземіз. Форумға қатысушылар су ресурстарын жаһандық деңгейде басқару мәселелерін талқылайды. Бүгінде Каспий теңізіне қауіп төніп тұр. Әлемдегі ең үлкен көлді құтқару баршаға ортақ міндет әрі бұл ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Осы орайда Президент Ильхам Әлиевтің Каспий маңы мемлекеттерінің сарапшылар тобын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Сонымен қатар Қазақстан Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар қабылдап жатыр.

Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның СOP29-ға табысты төрағалық еткені және осындай ауқымды шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Ильхам Әлиевке ризашылық білдірді. Сонымен қатар климатты жақсарту жолында Қазақстанның халықаралық серіктестермен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Риат Шони