Мемлекет басшысы Мажарстанға сапарының басты мақсатын айтты
Бүгін Президенттің Мажарстанға жасаған мемлекеттік сапарының негізгі күні басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев, Будапештте Премьер-министр Виктор Орбан, Мажар Президентімен және бірқатар бизнесмендермен кездесу өткізді, деп хабарлайды 24kz.
Айта кету керек, Қазақстанның Еуропадағы алғашқы еЛшілігі осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған еді. Осыдан-ақ, тарихы тамырлас қос мемлекеттің байланысы, өте тығыз екендігін аңғаруға болады.
Риат Шони, тілші:
- Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынас – тарихтан тамыр тартқан бауырластыққа негізделген өзара сенім мен серіктестіктің жарқын үлгісі. Экономикалық ынтымақтастықта «ортақ мақсатқа қол жеткізу» қағидаты жетекші орын алады. Қазақстан – Мажарстан үшін Орталық Азиядағы сенімді серіктес, ал Мажарстан Еуропаға ашылған терезе іспетті. Сауда-саттық пен инвестициялық жобаларда екі елдің тығыз әріптестігі «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» ұстанымын айқын көрсетеді. Қазақтың «Ынтымақ – ырыс қазығы» деген дана сөзі Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастың терең мәнін айшықтай түседі. Екі ел арасындағы осы байланыстар алдағы уақытта да өз жемісін беріп, жаңа белестерге жетелей бермек.
Мажарстан. Еуропаның қақ ортасында орналасқан мемлекет. Стратегиялық маңызға ие. Біз үшін бауырлас халық. Осы бауырластық қатынасты нығайту мақсатында мемлекеттік сапармен келген қазақ басшысын Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан құрметпен қарсы алды.
Ең әуелі Қазақстан Президентін ресми қарсы алу рәсімі Король сарайының Арыстандар алаңында өтті. Бұл – тарихи орын. Король сарайы өткен ғасырларда Мажарстан монархиясының билік орталығы болған. Тарихты құрметтеу мақсатында осындай рәсімдерді бұл алаңда өткізу міндеттеледі.
Ал, бұл – Будапешттегі Шандор сарайы. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевты Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок қарсы алды. Әңгімелесу барысында қазақ басшысы бауырлас қос халық арасында тығыз саяси диалог, нәтижелі экономикалық серіктестік байланыстар жақсы жолға қойылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Мажарстан ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты берік байланыс орнатты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған болатын. Екі елдің нәтижелі ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті бар. Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көпқырлы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан мен Мажарстанның ниетті екенін көрсетеді.
Өз кезегінде мажар басшысы екі елдер географиялық тұрғыдан алшақ жатқанына қарамастан, қос халықтың тарихы мен мүдессі ортақ екенін жеткізді.
Тамаш Шуйок, Мажарстан Президенті:
- Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан – бүгінде Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Сіздің еліңіз үшін халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты сақтау – маңызды басымдық. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш салып отыр. Біздің мәдени қарым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады. Мажарлар қазақтардың тұрмыс-салтымен жақсы таныс. Алматы қаласының атауы біздің ана тілімізде әуезді естіледі. Өйткені халқымыз алманы «алма» деп айтады.
Кездесу барысында тараптар екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын күшейтуге де мән берді. Әсіресе, жетекші университеттер арасындағы байланыстарды жандандырып, қос халықтың тарихи тамырластығын терең зерттеу керектігі айтылды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Бұдан соң Президент Мажарстанның Мемлекеттік жиналыс Төрағасы Ласло Kёвермен кездесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапары екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретінін жеткізді. Бұл мақсатта парламентаралық ықпалдастық да маңызды рөл атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды құптаймын. Бұл қос халықтың өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді деп санаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын. Жаңа ғана Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездестім. Сіздің еліңізде оқитын және білім алуға ниетті жастарды әрдайым қолдаймыз. Бұл байланыстар елдеріміз арасындағы «алтын көпірге» айналады.
Өз кезегінде Мажарстанның Мемлекеттік жиналысының Төрағасы парламентаралық ықпалдастықты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне өз алғысын білдірді. Тағы тараптар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылады. Ал кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ласло Кёвер Мажарстан Парламентінің ғимаратын аралап көрді.
Ал, түстен кейін Мемлекет басшысы Мажар Үкіметінің басшысымен кездесу үшін Премьер-министр Виктор Орбанның кеңсесі орналасқан ғимаратқа келді. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан достық рәуіште әңгімелесті. Бұл екі ел арасындағы өзара сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Кездесуде ынтымақтастықтың басым бағыттары мен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдету талқыланды. Қазақстан Президенті Мажарстанды еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ достас әрі бауырлас мемлекет ретінде атап өтті. Екі тарап та жоспарланған бастамаларды табысты орындау үшін үкіметке қолайлы жағдай жасауға дайын екенін растады.
Бұдан кейін тараптар екіжақты әріптестікті нығайту мәселесін кеңейтілген құрамда талқылады. Келіссөз барысында бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, тараптар Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қорын құруға келісті. Қасым-Жомарт Тоқаев мажар тарапына арнайы шақырып, көрсеткен сый-құрметі үшін ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Достас әрі бауырлас Мажарстанның астанасына келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастыққа тың серпін беру.
Ал Мажар Үкіметінің басшысы болса, екі елдің тарихы ортақ екеніне тоқталып, қол жеткізілген келісімдердің табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.
Виктор Орбан, Мажарстан Премьер-министрі:
- Екі елдің тарихы ортақ және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік мол. Бүгінгі келіссөздер халықтарымыздың мүдделері үшін өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз болады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды Астанаға сапармен келуге шақырды. Бұдан кейін тараптар келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады. Екі елдің делегация мүшелері 6 бірдей маңызды құжатқа қол қойды. Оның ішінде банк және ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыру сынды бағыттар бар. Бұдан кейін тараптар екіжақты әріптестікті нығайту мәселесін кеңейтілген құрамда талқылады. Келіссөз барысында бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, тараптар Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қорын құруға келісті. Қасым-Жомарт Тоқаев мажар тарапына арнайы шақырып, көрсеткен сый-құрметі үшін ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Достас әрі бауырлас Мажарстанның астанасына келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастыққа тың серпін беру.
Ал, Мажар Үкіметінің басшысы болса екі елдің тарихы ортақ екеніне тоқталып, қол жеткізілген келісімдердің табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.
Виктор Орбан, Мажарстан Премьер-министрі:
- Екі елдің тарихы ортақ және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік мол. Бүгінгі келіссөздер халықтарымыздың мүдделері үшін өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз болады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды Астанаға сапармен келуге шақырды. Бұдан кейін тараптар келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады. Екі елдің делегация мүшелері 6 бірдей маңызды құжатқа қол қойды. Оның ішінде банк және ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыру сынды бағыттар бар. Ел экономикасын әртараптандырып, шетелден инвестиция тарту. Президент сапарының мақсаты осы. Тереңнен тамыр тартқан туыс халықпен біздің қазіргі байланысымыз жақсы деңгейде. Келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін өткізілген брифинг барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экономикалық әлеуетін толыққанды игеру маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елдеріміздің экономикалық әлеуеті мол, оны толыққанды игеру өте маңызды. Сондықтан бұл сапарымның басты мақсаты – ынтымақтастығымызға жаңа серпін беру. Мажар елі – Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптесі. Бүгінгі берік саяси ынтымақтастық пен тығыз экономикалық байланыс – соның айқын дәлелі. Жаңа ғана Жоғары Мәртебелі Виктор Орбан мырзамен мазмұнды келіссөздер өткіздік. Премьер-министр мырзаның былтыр Астанаға жасаған ресми сапарында көптеген уағдаластыққа қол жеткізген едік. Бүгін соны қайта пысықтап, ықпалдастықтың жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Биыл екі елдің стратегиялық әріптестік орнатқанына 10 жыл толды.
Арадағы алыс берісті де еселеп арттыратын мол мүмкіндік бар. Қазір түрлі қиындықтарға қарамастан бұл көрсеткіш жақсы қарқынмен өсуде. Енді алдағы міндет өзара сауда көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізу.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір әлемде экономикалық және энергетикалық дағдарыс белең алып тұр. Соған қарамастан, екі елдің өзара тауар айналымы жылдан жылға ұлғайып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9%-ке артты. Алдағы меже – өзара алыс-берісті 1 млрд долларға дейін арттыру. Біз Мажарстанға жалпы құны 700 млн доллар болатын 95 тауар түрін жеткізуге дайынбыз. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласының өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар. Мажар компаниялары Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қызығушылық танытып отыр.
Қазақстан транзиттік әлеуетін арттыруға бет бұрған. Қазір транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндігі мол. Осы бағытта үш мемлекет бірлесіп маңызды жобаны жүзеге асыруға келісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін «KTZh Express», «L.A.C. Holding» және «Xi'an Free Trade Port Construction and Operation» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – аймақтағы экономикалық қарым-қатынастың жарқын көрінісі. Құжат елдеріміздің арасындағы сауда және көлік байланысын нығайтуға жол ашады. Инфрақұрылым, логистика және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік туады. Азиядан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 85%-і Қазақстан арқылы өтеді. Алдағы уақытта бұл бағытпен 10 млн тонна жүк жеткізілетін болады.
Бүгінде Қазақстан мен Мажарстанның ынтымақтастығы Біріккен ұлттар ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында табысты дамып келе жатыр. Осы ретте Президент Премьер-министр Виктор Орбанның Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына белсене атсалысып, түркі интеграциясының өрісін кеңейтуге елеулі үлес қосып жүргенін ерекше бағалайтынын жеткізді. Ал Мажар Үкіметінің басшысы Қазақстан Президентінің Мажарстанға сапары соңғы рет 17 жыл бұрын болғанын еске салып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапармен келуі екі елдің стратегиялық серіктестігін кеңейту тұрғысынан маңызды екеніне назар аударды
Виктор Орбан, Мажарстан Премьер-министрі:
- Келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесін ғана талқылаған жоқпыз. Сондай-ақ екі халықтың достығы мен тарихи тамырластығы туралы сөз қозғадық. Жалпы сауда-саттықты дамыту, энергетикалық ресурстардың жаңа көзін іздеу және халықаралық энергия тасымалдау бағыттарын құру екі елдің өзара мүддесіне сай келеді. Біз бүгін Президент мырзамен мажар-қазақ экономикалық ынтымақтастығының әлеуетін толық пайдалану үшін барынша күш-жігер жұмсауға уағдаластық.
Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстанға жасаған мемлекеттік сапары – екі ел арасындағы байланыстың жаңа белесіне жол ашқан маңызды қадам. Бұл сапардың мәні терең әрі көпқырлы. Әріптестік байланыстарды нығайтуда ұтымды қадамдар жасалды. Бұл тек екі елдің ғана емес, халықаралық қатынастардың да жаңа серпін алуына жол ашады.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Ділмұрад Сейдаханов. ПТРК