Биыл Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толады
Қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова биыл 95 жасқа толады. Мерейтойға орай елордада аты аңызға айналған өнер майталманының құрметіне концерт өтті. Астана Опера сахнасындағы кеште жезтаңдай әншінің шекпенінен шыққан шәкірттері мен үзеңгілес әріптестері өнер көрсетті. Ал әншінің өзі бұл жолы көрермен қатарынан табылды. Ғибратты ғұмыр иесі 70 жылдан астам сахнаның сәнін келтірді. Оның тұмадай тұнық үнін талай буын тыңдап өсті. Ұлт мақтанышы Бибігүл Ахметқызының репертуары өте бай. Ән қоржынында қазақтың халық әндерімен қатар әлемдік музыка жауһарлары көптеп кездеседі. Соның бірқатары осы кеште шырқалды.
Бүгінде мәдениет қайраткері Қазақ ұлттық консерваториясында кеңесші қызметін атқарады. «Ендігі парызым – жастарға өмірлік өсиет айту», – дейді. Торқалы тойы атап өтіліп жатқан дарын иесіне кеш соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.
Бибігүл Төлегенова, КСРО халық әртісі, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері:
- Қаншама айтқанымен, қандай жоғары дәрежелі әнші боламын дегенше, әуелі өзіңнің туған еліңді, мәдениетіңді біліп алу керек. «Еңбек етіп жас шақта, білім алсаң, бақ орнайды басыңа нардай шөккен», – дейді. Шөккен нардай, құдайға шүкір, бақытым – өзімнің мәдениетім. Даусымның арқасында халықтың алдында сыйлы, құрметті адам болып отырмын. Соның өзінде мен бақыттымын. Мұның барлығы жеңілдікпен келген дүние емес.