«Дәрмек» операциясы: 108 медицина қызметкері жауапқа тартылды

Батыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіптік объектілерінің бірін тексеру кезінде лицензиясыз пайдаланылған 14 тоннадан астам тұз қышқылы тәркіленді, деп хабарлайды 24KZ. Ал Абай облысындағы медициналық ұйымда есірткі құралдарын сақтау талаптары бұзылған. Ел аумағында есірткі мен психотропты заттар айналымындағы заңсыздықтарды анықтау мақсатында «Дәрмек» жедел-профилактикалық шарасы өтіп, 44 мың таблетка мен психоактивтік препараттардың 14 мың ампуласы айналымнан алынды.

700-ден астам дәріхана, 77 қойма, 159 емдеу мекемеcі мен 129 кәсіпорын тексерілді. Нәтижесінде 108 медицина қызметкері жауапқа тартылған. Жалпы 190-нан астам лауазымды тұлғаға әкімшілік жаза тағайындалып, 5 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды.

Қуандық Әлжанов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары:

- Алдында өткен «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасымен салыстырғанда анықталған әкімшілік құқықбұзушылықтардың 30%-ке өскені байқалады. ІІМ есірткінің заңды айналымы саласындағы заңнамада белгіленген талаптарды бұзғаны үшін Қылмыстық кодекстің 303-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салады.