СҚО-да жыл соңына дейін 38 медициналық мекеме ашылады

Солтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін жаңа 38 медициналық мекеме ашылады, деп хабарлайды 24KZ. Ол үшін 6,6 миллиард теңге бөлінген. Нысандар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтереді. Ғимараттардың басым бөлігі шалғайдағы елді мекендерде пайда болады. Жуырда салынған осындай мекеменің жұмысымен Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова танысып қайтты.

Бұл Пресновка елдімекенінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт. Алғашқы науқастарды жақында қабылдай бастаған. Бұған дейін ауыл тұрғындары медициналық көмекті тар бөлімшеде алып келген. Енді жаңа мекеме бұл проблеманы түбегейлі шешті.

Нұрғайша Даллакян, мейірбике:

- Жаңа ғимаратқа барлық жағдай жасалған. Барлық кабинеттер заманауи қондырғылармен жабдықталған. Бастысы, келетін науқастар үшін барлығы қолайлы.

Дәрігерлік амбулаторияны салуға 203 млн теңге қаржы жұмсалған. Бұл жерде 7 елді мекеннің тұрғындары медициналық көмек алады. Жыл соңына дейін облыста тағы 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны пайдалануға берілмек. Жалпы ұлттық жоба аясында аймақтағы 46 ауылда 5 жаңа дәрігерлік амбулатория, 19 фельдшерлік-акушерлік және 23 медпункт ашылады деп жоспарланған.

Негізі Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының басым бөлігі ауылды жерлерде тұрады. Сондықтан да елді мекендегі денсаулық сақтау мәселесі аймақта бірінші орынға қойылған. Қазір аймақта сала кедергісіз дамып келеді.

Әбілқайыр Сқақов, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы:

- Медицина саласының денсаулық сақтау басқармасымен байланысы көрініп тұр бұл жерде. Қор филиалы тығыз байланыста қызмет жасап отыр. Олармен кездестік. Бар түйткілді мәселелерді біліп отыр, анықтап отыр. Өздерінің шешу жолдары, жоспарлары көрініп тұр.

Өңірге жұмыс сапары барысында Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенов дәріханалардағы дәрілік заттардың сатылуын да тексерді. Айта кету керек, шілденің бірінен бастап елде препараттарды таңбалау міндттемесі енгізілген. Дәріхана қызметкерлері бұл жаңашылдықтың тиімділігін де атап берді.

Евгения Лямкина, дәріхана қызметінің басшысы:

- Өнімнің зауыттан бастап клиентке жеткенге дейінгі тізбек жолын көруге болады. Яғни, дәріні сатып алған адам үйіне келіп, арнайы таңба арқылы тауардың қайда және қалай шығарылғанын анықтай алады. Алдағы уақытта осы жаңашылдық арқылы дәрілердің бағасы қалай құрылатындығын және сату кезеңдерін нақтылау жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары аймақ басшылығы мен сала жетекшілеріне өңірде денсаулық сақтау бағытында жоспарланған жобаларды уақытылы жүзеге асыруда және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын әрі қарай да арттыруды міндеттеді.

Авторлары: Риат Шони, Наталья Волкова, Толеген Иманов.