Президент «Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы» ұйымының басқарма төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы «Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы» ұйымының басқарма төрағасы Хелен Кларкты қабылдады.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2007 жылы аталған ұйымға мүше болғаннан бері оның стандарттарын сақтауға бейілдігін көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Елімізде жер қойнауын пайдаланушылардың ұйым талаптарын сақтау міндеттемелері және бюджетке аударатын салық пен басқа да төлемдері бойынша есебі заңнамалық деңгейде бекітілді. Президент Ұйым басшысына геологиялық барлау мен кен өндіру саласында қабылданған реттеу шаралары туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, саланы дамытудың кешенді жоспары қабылданып, интерактивті карта мен 50 мыңнан аса геологиялық есеп қамтылған Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды. Хелен Кларк ұйымның алдағы кезеңге арналған стратегиялық жоспарымен бөлісті. Ол Қазақстанның жер қойнауын пайдалануға қатысты заңнамалық актілерін жетілдіру жұмыстарын жоғары бағалады. Бұл кен өндіру өнеркәсібінің ашықтығын қамтамасыз ету талаптарын орындауға мүмкіндік береді.