Мемлекет басшысы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады

Үшінші сессия басталғалы ел Парламенті 28 заң қабылдады, оның 5-еуі депутаттардың бастамасы. Бұл жайында Президент қабылдауында болған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.

Жоғары палата спикерінің сөзінше, Мемлекет басшысының жолдаулары мен тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында тұрғын үй саясатына, білім беру және балалар құқығын қорғауға, білім саласындағы жинақтау жүйесіне қатысты заңдар қабылданған. Қазір Парламентте жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, креативті индустрияны қолдау, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөніндегі заң жобалары қаралып жатыр. Бұл – сенаторлардың бастамасымен қолға алынған құжаттар.

Тағы жыл басынан бері Сенатта 50-ге жуық іс-шара өткізілген, сенаторлар Үкіметке 67 депутаттық сауал жолдаған. Сонымен қатар парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту аясында 40-тан астам халықаралық кездесу ұйымдастырылған. Ал келер жылы жоғары Палатада Бюджет, Құрылыс, Су, Салық кодекстері, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» және «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңдар қаралатынын айтты. Сондай-ақ Жұмысшы мамандықтары жылына арналған парламенттік тыңдаулар өткізу жоспарланып отыр. Кездесу соңында Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне дайындық барысын баяндады. Аталған жиын 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр.