Еңбек нарығының жартысынан көбі жұмысшы мамандықтарға тиесілі
Экономика дамып, жаңадан өндірістер ашылғаны жақсы. Бірақ ол кәсіпорындарда жұмыс істейтін маман қажет екені де белгілі. Жаңадан ашылып жатқан зауыт-фабрикалар біліктілігі жоғары кадрды талап етеді. Мұндағы цехтар жоғары технологиялық жабдықтармен автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған.
Жұмысшы мамандықтарға елдегі еңбек нарығының жартысынан астамы тиесілі. Еңбекпен қамтылған отандастардың 52 пайызының кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Бүгінде 2 млн 300 мың адам жұмысшы мамандығының арқасында нан тауып жүр. Нарықта 2 мыңнан астам жұмысшы мамандық түрі бар. Қазір бұл мамандықтарға сұраныс жоғары. Былтыр 270 мыңнан астам жұмыс орнына маман табылмады. Әсіресе көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда кадр жетіспейді. Жауапты министрлік басшысы Светлана Жақыпованың айтуынша маман тапшылығы алдағы жылдары да өсе бермек.
Еңбек нарығы
Жұмысшы мамандықтары – 52%
2,3 млн адам
2 мыңнан астам мамандық
270 мың бос жұмыс орны
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Біздің болжамдарымыз алдағы жылдары жұмысшы кадрларға деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетеді. Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам деп бағаланады. Оның ішінде жартысынан астамы – кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлері, олардың 400 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтар.
1600 кәсіптік стандарт жаңарды
Министрлік кадр даярлауға ерекше көңіл бөліп отыр. Сол үшін инновациялық навигатор әзірледі. Бұл платформа кадр сұранысын болжауға мүмкіндік береді және кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдардың жұмысын нарықтағы сұранысқа қарай бейімдейді. Сондай-ақ кадр сапасына айрықша назар аударылады. Бүгінде 1600 кәсіптік стандарт жаңартылды. Бұл стандарттар бойынша білім бағдарламаларының 87 пайызы қайта түзілді. Тағы бір айтып өтері, жұмыс берушілердің тапсырысына қарай маман даярлау жалғаса бермек.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқыту және жұмыс орнында оқыту белсенді дамып келеді. Биыл 12 мыңға жуық адам осындай курстардан өтеді. Студенттердің практикалық дағдыларын игеру үшін біз Электрондық еңбек биржасында өндірістік практиканың функционалын іске қостық. Онлайн оқыту платформасында бүгінде 643 онлайн курс қолжетімді, ал оқытудан 410 мың адам өтті.
Көлік-логистика саласында 25 мамандық пайда болады
Елдегі технология дамыған сайын жаңа мамандық түрлеріне сұраныс артты. Мәселен көлік-логистика кешені қарқынды дамып келеді. Бірнеше теміржол тармағы салынып, автокөлік дәліздері тұрғызылып жатыр. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша таяу жылдары логистика саласында 25 жаңа мамандық бойынша кадр қажет болады. Мысалы автожолдарда заманауи технологияны енгізетін мамандарға сұраныс артады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Бұл цифрлық жобаның аналогын пайдалану мен 3D модельдеуді талап етеді. Бұл бағытта «ақылды жолдар» бойынша тиісті инженер-жобалаушылар, BIM технологиясында жұмыс тәжірибесі бар прорабтар, құрылыс роботтарының операторы және цифрлық жобалаушы қажет болады. Бүгінгі күні көлік-логистика саласындағы ірі тораптарды басқару үшін цифрлық логистикалық карталар конструкторы мен операторы керек. Авиациялық жүйелерді қашықтан басқаратын сыртқы ұшқыш сұранысқа ие. Осыған орай алдағы уақытта уәкілетті орган және білім беру мекемелерімен бірге осы мамандықтарды ашу мәселесі қарастырылып жатыр.
9 жылда еңбек квотасы үш есе азайды
Тағы бір маңызды мәселе – отандық еңбек нарығын қорғау. Еңбек мигранттарына берілетін квота жыл санап азайып келеді. 9 жылда квота саны 3 есе қысқарды. 2016 жылы 60 мыңнан аса квота берілген еді. Қазір жылына 20 мың шамасында қарастырылған. Биыл квота 4 санат бойынша бөлінді. Яғни бірінші санат – басшылар мен олардың орынбасарларына 649 квота берілді. Сондай-ақ мигранттар қатарында 3 мыңнан аса құрылымдық бөлімшелер басшысы, 6 мыңға жуық маман және 1 мыңнан астам біліктілігі жоғары жұмысшы бар. Бұдан бөлек маусымдық жұмыстарға 4 мыңнан аса адам тартылуы мүмкін.
Еңбек квотасы
Басшылар мен олардың орынбасарлары – 649
Құрылымдық бөлімшелер басшылары – 3 254
Мамандар – 5 718
Біліктілігі жоғары жұмысшылар – 1 161
Маусымдық жұмысшылар – 4 097