Президент АЭС құрылысын жеделдетуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жобалық кеңсенің қызметімен танысты.
Жоғары билік органы жанындағы мұндай құрылымдар әлемнің бірқатар елінде бар. Орталық реформалар мен стратегиялық бастамалардың жүзеге асуына үлес қосумен айналысады. Сондай-ақ Президент жолдаулары мен Қазақстанның ұлттық даму жоспарындағы басым бағыттарды сапалы жүзеге асыруға арналған шешімдер әзірлейді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Маңғыстау облысын өркендету, адами капиталды қалыптастыру сынды маңызды жобалар жайы баяндалды. Одан бөлек мұнда сан саланы қамтитын ведомствоаралық командалар жасақталған. Бұл нақты саладағы белгілі бір міндетке баса назар аударып, жылдам әрі сапалы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңашылдықтармен танысып, Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай жетістікке жету үшін министрлер мен әкімдер батыл шешім қабылдауы керек екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл орталықтың негізгі мақсаты – реформалардың тиімділігін арттыру. Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды осы жұмысты қадағалайды. Министрлер де, әкімдер де батыл шешім қабылдауға дайын болуы тиіс. Мен осыған дейін Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер бойынша барынша дербес шешім қабылдануы тиіс.
Сондай-ақ Президент министрлер мен басшылар назарда ұстауға міндетті негізгі бағыттарды атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру, жасанды интеллект және ядролық энергетикаға баса мән беріп жатыр. Үкімет осы маңызды мәселелерді жұмыс барысында міндетті түрде ескеруге тиіс. Мемлекет басшысы өз сөзінде атом энергетикасын дамыту перспективасына да тоқталып оның құрылысын жеделдетуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен Ana tili газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек.