Президент сұхбаты ана тіліміздің беделін көтеріп тастады — зиялы қауым

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты – мемлекеттің даму бағытын айқындаған бағдарламалық сұхбат. Бұл туралы шығармашылық қауым өкілдері Әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендияны табыстауға арналған жиында айтты.

«Елдік әңгімеде Мемлекет басшысының ана тілінің лайықты орны мен мәртебесіне тоқталғаны көңілге қонды», – дейді зиялы қауым. Сұхбатта еңбек адамының мәртебесі де назардан тыс қалмаған. «Өркениетті қоғамда әр мамандық иесі құрметті. Ең бастысы өз ісінің кәсіби маманы болу маңызды», – деді Президент. Бір бағытта жұдырықтай жұмыла әрекет етсек қана, экономикасы өркендеген, әлеуеті берік, саяси мығым елге айналамыз.  

Смағұл Елубай, Қазақстанның халық жазушысы:

- Президенттің сұхбаты «Ана тілі» газетіне берілуінің өзі біздің ана тіліміздің беделін көтеріп тастады. Сұхбатта бүкіл Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік жағдайы, әсіресе экономикалық жағдайы түгел қамтылған деуге болады. Бұл сұхбат шыннан да Қазақстан үшін бағдарламалық сұхбат дегіміз келеді.

Әлия Бөпежанова, әдебиеттанушы, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Заңдылық тұрғыдан болсын, ол өнеркәсіп тұрғыдан, ол экономикалық тұрғыдан, сол үлкен өзгерістер жүріп жатыр деп есептеймін мен өзім. Сондықтан ең бірінші осы мемлекеттік бағдарламаларды, сол Жолдауларды халыққа кеңінен жеткізудің, соны халыққа кеңінен түсіндірудің тетіктерін ойлану керек сияқты маған.