Әлем елдері базарды туристерді тарту құралына айналдырды

Әлем елдері базарды туристерді тарту құралына айналдырды

Әлемнің көп елінде базарлардың жұмысы қайта жанданып келеді.

Өйткені ежелден келе жатқан сауда орындары саяхатшыларды көптеп тартатын туристік орталыққа айналған. Ал кей елдерде тіпті қайырымдылықтың ошағына айналып отыр. Бұл бағытта әсіресе Еуропа жақсы жетістікке жеткен.

Австралияда ірі туристік базар жаңғыртылды

Австралияның Мельбурн қаласында Виктория ханшайым базары бар. Бұл оңтүстік жарты шардағы ең үлкен сауда орталығы саналады. 7 гектар аумақты алып жатқан ғимарат Мельбурнда кісі көп баратын орындардың бірі. Оның коммерциялық пайдасынан бөлек тарихи әрі туристік маңызы зор. Сондықтан жергілікті билік кейінгі жылдары туристерді көптеп тарту үшін базарды жаңғыртып, ондағы сауда алаңдарын заманауи талаптарға сай өзгертті.

Сингапурда ежелгі базарларды жаңғырту қарқын алды

Сингапур билігі де базарларды жаңғыртуға көп инвестиция құяды. Бұл ретте санитарлық талаптар мен қауіпсіздік ережелерінің сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Қазір биліктің қолға алған жобаларының арқасында Сингапурдағы базарлардың көбі жергілікті халықтан бөлек саяхатшылар жиі баратын сауда орталықтарына айналған.

Лондондағы сауда орыны қайырымдылықпен айналысады 

Лондондағы әйгілі Боро-маркет те туристер арасында кеңінен танымал ең көне базарлардың бірі. Мұнда ет, сүт, нан өнімдері мен көкөніс, жеміс-жидектің түр-түрін табуға болады. Бұл сауда орнының тағы бір ерекшелігі оған еріктілер аптасына екі рет келіп, сатуға келмейтін, бірақ тұтынуға жарамды өнімдерді жинап әкетеді де, қайырымдылық ұйымдарына тапсырады. Мысалы 2022-ші жылы 8 тоннадан аса азық-түлік жиналған. Ауқымды жоба 2011-жылдан бері іске асырылып келеді. Оған сәйкес, мектеп оқушылары жазғы демалыс кезінде өздері өсірген өнімдерін осы Боро маркетте сатады. Түскен ақша қайырымдылыққа жұмсалады. Бұл пайда әкелумен қатар балаларды еңбекке баулуға көмектеседі дейді билік өкілдері.