Кенесары ханның ескерткіші тұғырына қашан оралады?

Хан Кененің Астанада, Есілдің жағасында тұрған айбынды ескерткіші тұғырынан алынып, ел-жұрт алаңдап қалған еді.

Енді ескерткіш қайда, оның қай тұсы бұзылған? Бұзылған ескерткіш пе, тұғыр ма? Қазақтың соңғы ханының бейнесі тұғырына қашан оралады? Көкейдегі осы сұрақтарға тілшіміз Мөлдір Молдағали жауап іздеген еді. 

Мөлдір Молдағали, тілші:

- Кенесары хан ескерткіші 2001 жылы орнатылған. Сол уақыттан бері ескіргені соншалық, биіктігі 11 метр, салмағы 10 тонна тұғырлы мүсін құлау қаупі төніп, қайта жөндеуге алынған еді. Сол жөндеу жұмыстары қазір қандай деңгейде?

Оны білу үшін Астана қалалық мәдениет басқармасына қарасты тарихи-мәдени мұраларды сақтап, қорғау орталығының басшысы Баянды Сахарияұлын сөзге тарттық. Оның айтуынша тұғырды жөндейтін мердігер компания анықталып, жұмысқа кіріскен. Бірақ қыс түскелі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ, жер кепкен соң басталады. Ал мүсін әзірге шеберлердің қолында. 

Баянды Сахарияұлы, Тарихи-мәдени мұраларды сақтап, қорғау орталығының басшысы:

- Кез келген мүсінге жақындасаңыз окисление дейді ауаменен және ылғалды жаңбырдан металдың арасында туындаған дүние болады. Соны тазарту және ойылған шіріген жерлерін ақырындап қалпына келтіруі сосын грунтовка жұмыстары жүріп жатыр деп бізге шеберлер солай ақрпарат беріп отыр.

Ескерткішті орнынан алып, қайта жөндеуге жіберудің басты себебі іргетасының қисаюы. Енді оның діңгегі қайта қағылып, бұрынғыдан берік етіп жасалмақ. Жалпы қаладағы ескерткіштер үнемі мамандардың бақылауында, ондағы ақауға түрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. 

Айдос Күзенбаев, сәулетші:

- Ескерткіш те тозады. Оған механикалық тұрғыда зақым келуі мүмкін, уақыт әсер етеді, табиғат жағдайлары, әсіресе, техногенді факторлар, атап айтсақ, көлік қозғалысы, егер ескерткіш жол бойында орналасса, ондағы қозғалыс вибрациясы зақым келтіреді. Ылғал мен суық қатты әсер етеді. Міне сондықтан ескерткішке үнемі күтім жасалуы керек. Артық заттардан тазартылып тұруы маңызды. 

Қазір ескерткіштің өзі жабық қоймада тұр. Бұзылмас үшін арнайы қапталған. Сол себепті әзірге ашып көрсетуге келмейді. Ал құлауға шақ қалған ескерткішке ғылыми-техникалық сараптама жүргізіліп барып, орнынан алынған. Тұғырдағы ақауды адам арнайы зер салып қарамаса білінбейді дейді мамандар.  Енді жөндеу жұмыстары жазға таяу бітеді. Сол кезде ат үстінде қасқайып отырған ханның ескерткіші тұғырына қайта орнатылмақ.

Мөлдір Молдағали, Мерей Талап