Сергіткіш сусынның сергелдеңі

Елдегі әр бесінші бала сергіткіш сусынға құмар.

Тіпті осы тәтті суға тәуелділері бар. Ел іші «энергетик» атап кеткен сусынның дәмі тіл үйіріп, бойға қуат бергендей көрінгенмен сан түрлі ауруға себеп болуы мүмкін.

Мұны мамандар айтып отыр. Дәрігерле елде инсульт, инфаркт, сондай-ақ обыр мен қант диабеті көбейді, дейді.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Жыл басынан бері жасөспірімдерге сергіткіш сусындарды сатуға тыйым салынды. Нақтырақ айтқанда, 21 жасқа дейінгі тұтынушылар үшін тауар түрі қолжетімсіз. Дей тұрғанмен, дүкендерде ашық әрі кедергісіз саудаланып жатқаны жасырын емес. Бас қаладағы сауда орындарының біріне бас сұғып,  арнайы эксперимент жасап көреміз.

Бұл тұста бізге Аружан есімді астаналық ару көмекке келді. Жасы жиырмаға енді жеткен бикеш бір қарағаннан-ақ күдікке ілінуі мүмкін. Сатушылар жеке куәлігін сұрай ма, байқап көрдік.

Кейіпкеріміз дүкенге келді, көрді, самсап тұрғын сөреден қажетін алып, кассаға бет бұрды. Ешқандай қиындықсыз сергіткіш сусынды алды. Екінші сауда орынында да осындай. Ешкім жасын сұрап, құжатын қарамады.

Сандарды сөйлетсек, елдегі жасөспірімдердің 42 пайызы сергіткіш сусынды тұтынады. Мәселен, ұлдардың 46, қыздардың 38 пайызы тәтті суға құмар.

жасөспірімдер – 42,6%

ұл балалар – 46,1%

қыз балалар – 38,9% 

Салтанат Назарова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Жалпы барлық еліміздегі 11, 13, 15 жастағы жасөспірімдер арасында, әлеуметтік зерттеу жүргізілген болатын. Онда осы жас ерекшелігіндегі 46,1 пайызы ұлдарға келеді, және 40-қа жуығы , 38,9 пайызы қыз балалар тұтыгатындығы анықталып отыр. Енді жас ерекшелігіне келетін болсақ, ең  көп тұтынатын бізде 15 жастағы жасөспірімдер анықталып отыр. Олар арасында балалар арасында 28,6 пайыз және қыздар арасында 24,9 құрап отыр. 

Иә, сергіткіш сусындарға сұраныс жоғары. Бес жылда сатылымы 198 пайызға артқан. Себебі сол, еңбектеген баланың да, еңкейген қарияның да сүйікті сусынына айналған.

БЛИЦ:

- Зиянын біле тұра ішемізғой, қазірдің өзінде өзім ішіп келе жатрм.

- Энергетикалық сусынды жиі қолданамын, жасым 18 де. Бірақ сондада қолданамын. Зияны онша көп деп ойламаймын. Бірақ жиі қолданамын. Аптасына 3-4 рет.

Энергетикалық сусындардың зиянды екенін білем. Егер көп қолданатын болса, мысалы адам бір ситуацияларға байланысты ұйықтамай, сабағына дайындалмай. Көбінесе студеенттер қолданады ғой

Супермаркеттерде сатпайды, бірақ шағын маркеттерден алуға болады.

Бір құты сергіткіш сусынның құрамында 27 қасық қант болады. Сол себепті де тәтті суды жиі тұтынатындардың арасында қант диабеті дендеп тұр.  Мәселен, жыл сайын жаһан жұртының 300 мыңы осы кеселден қайтыс болады. Сондай-ақ обыр да өршіген.

Байдүйсен Үсіпбеков, Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігері:

- Олардың құрамында өте көп қоспа болады, жаңағы айтатын болсақ, кофейн, таурин, глюкоза, қант, сонымен қатар ароматизаторлар болады. Сол химиялық қоспалардың әсерінен ең басты ішке қолданылғаннан кейін асқазан-ішек жолдарында шырышты қабатында өзіндік әсерін тигізеді. Яғни оларда бастапқы кезде шырышты қабаты гастрит, одан әрі қарай жараға айналуы мүмкін язваға, әрі қарай емдемей жүре берсе, онкологиялық ауруларға өтіп  кету қаупі өте жоғары. Яғни ол қандай ауралар болу мүмкін, өңеш, асқазан, ішек және тоқ ішек тікелей осы ауыз арқылы қолданғаннан кейін, соны тікелей шырышты қабатына зиян тиеді.

Сол секілді жұрт арасында жүрек талмасы да жиілеген. Тәтті суды тұрақты тұтыну қан тамырларын тарылтып, мидың да жұмысын нашарлатады дейді дәрігерлер.

Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы, Ғалымжан Абдлахат