Көкшетаулық студенттер электромобиль жөндеуді меңгеріп жатыр
Былтырдан бері шаһардағы жоғары техникалық колледжде электрокарларға қызмет көрсету бойынша оқу-тренинг орталығы жұмыс істейді.
Онда студенттер теориялық білімін нақты тәжірибе алаңында шыңдайды. Елде алғаш рет қолға алынған бірегей жоба Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның әріптестігі арқылы жүзеге асты.
Қазір елімізде электромобиль саны көбейіп келеді. Мәселен, соңғы бір жылдың ішінде тоқпен жүретін көлік саны 12 жарым мыңнан асқан. Ал ол техниканы жөндейтін мамандар жоқтың қасы. Көкшетаудағы жоғары техникалық колледж студенттері қазір осы саланы меңгеріп жатыр. Олар алдымен қызмет көрсету теориясын үйренеді. Кейін өздері электрокарды іске қосып, диагностикадан өткізеді.
Андрей Кондрашев, студент:
- Осы орталық ашылғалы мен электромобильдің бөлшектерін толық меңгердім десе болады. Біз әр сабақ сайын осы техниканың қоршаған орта үшін тиімділігі мен артықшылығын көреміз. Жалпы, электромобильді жөндеуден бұрын, біз оны зерттеп жатырмыз. Ол өте үнемді.Сондықтан әлем қазір осы көлікке көшіп жатыр деп есептеймін.
Электрокарларды диагностикалау орталығында студенттер үшін барлық жағдай жасалған. «Бір жыл ішінде оларға электромобильдің барлық бөлшектері таныстырылды»,-дейді ұстаздар. Енді біртіндеп диагностикалау жұмыстары басталады. Айталық, тоқпен жүретін көліктің өзіндік ерешелігі бар. Мәселен, кәдімгі автомобильдерді жөндеу кезінде механикалық білім қажет болса, бұл көліктерді меңгеру үшін автоэлектриканы жақсы білу керек.
Виталий Саулиди, мұғалім:
- Біз бұл жерде студенттердің оқытушысы емес, көбінесе көмекшісі ролін атқарамыз. Өйткені қазір диагностикалау жұмыстары жүргізіледі. Теориялық білімге баса көңіл аударамыз. Студенттер теориялық білімдерін толықтырғанда ғана, біз олармен практикалық тұрғыда жұмыс істейміз. Бір қуантатыны балалардың қызығушылы өте жоғары.
Тренинг-орталықта болашақ автоэлектриктермен бірге IT-технологиялар және бақылау-өлшеу аспаптары бойынша мамандар білім алып жатыр. Алдағы уақытта тың тәжірибені өңірдегі басқа да техникалық колледждерге енгізу жоспарланып отыр.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный