Сайөтес ауылындағы апатты үйлердің тұрғындары жаңа баспанаға көшіп жатыр

Маңғыстау облысындағы Сайөтес ауылында апатты үйлердің тұрғындары жаңа баспанаға көшіріліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Халқының дені теміржолда жұмыс істейтін елді мекендегі өзекті мәселені бірнеше рет көтерген едік. Айтылған сыннан нәтиже шықты. Екі жыл бұрын апатты деп танылған үш үйде 11 отбасы тұрады. Мемлекет қаржысына салынған жаңа үйден барлығына баспана берілді. Қазір үш жанұя жайлы қонысқа жайғасты.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Сайөтеске өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған екіқабатты 22 үй бар. Содан бері ешқайсысы күтім көрмеген. Былтыр жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, 19 үйдің шатыры, қасбеті, кіреберісіне жөндеу жасалды. Ал қалған 3 үй апатты деп танылды. Онда тұрып жатқан 11 отбасы қазір үйлерге көшіріліп жатыр.

Жаңа әрі жайлы қонысқа жайғасқан Әсия Жанәлиева қуанып жүр. Ауыл тұрғыны теміржол саласында 36 жыл жұмыс істеген. Кезінде жұмыс орнынан берілген пәтерде былтырға дейін тұрды. Кейін мекеме балансынан шығарылған соң екі қабатты үйлердің ұзақ жыл жөндеу көрмегенін айтады. Апатты күйдегі баспанадан шығып, мемлекеттен жалға берілген үйге көшкеніне риза.

Әсия Жанәлиева, ауыл тұрғыны:

- Көне заттың аты көне зат қой. Өзіміз жамадық, өзіміз жасқадық. Бәрін өзіміз істедік. Ол үй о бастан апатты деп танылған. Сірә, жағдайын көріп тұрсыздар. Ол үй мен мына үйді салыстыруға келісімге қол қойдым.

Сайөтесте әрқайсысы төрт пәтерлік бірқабатты 3 үйді жеке кәсіпкер 150 млн теңгеге тұрғызды. Дайын болған жаңа баспаналарды аудан әкімдігі мемлекеттік сатып алу порталы арқылы сатып алған. «Жалға берілетін пәтер иелерімен 5 жылға келісімшарт жасалды. Қажетінше оның мерзімі ұзатылады. «Ал апатты деп танылған үйлер сүріледі», - дейді жауапты мамандар.

Заманбек Әнуаров, Маңғыстау аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Мемлекеттік сатып алу кезіндегі заңдылығы бойынша арендалық, яғни, жалдамалы тұрғын үй болып есептеледі. Яғни, тұрғындарға жеке-жеке шарты жасақталады. Жасақталған келісімшарт негізінде ол қалаған уақытына дейін тұра алады. Қазіргі таңда алды келіп қоныстануда. Жылу жүйелері қосулы, суы, барлық жағы қамтылған.

Сабыржан Әбдиев, Сайөтес ауылдық округінің әкімі:

- Бұл енді Сайөтес ауылының үлкен жаңалығы десек те болады. Өзіңіз көріп отырғаныңыздай, мынау жаңа үй. Мынау ескі үйдің түрі. Осы үйден көшірілді. Қазір сол жақта тұрып жатыр. Енді бұл алдағы уақытта шешілетін мәселе. Себебі, бұл әлі тұрғындардың жекеменшігі. Мұны бұзу деген мәселені біз заң аясында шешеміз. Негізгі мәселеміз тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару.

2023 жылы техникалық сарапта жасалған апатты үйлерде 8 отбасы қалды. Ауыл әкімі оларға жаңа баспананың кілті берілгенін және көшіруге көмек берілетінін де жеткізді. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев, Александр Убейкин