77 студент жасанды интеллект мектебінде тегін білім алып жүр
Мұғалім жоқ, ал сабақты кез келген уақытта оқуға болады. Astana Hub ұйымдастырған жасанды интеллект мектебінде 77 студент осындай ерекше форматта тегін білім алуда, деп хабарлайды 24kz.
Мектепте студенттер жасанды интеллект, бағдарламалау және киберқауіпсіздік салаларында білім алады. Оқыту әдісі peer-to-peer принципі бойынша өтеді.
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Әйгерім Оңалбаева – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, химия пәнінің мұғалімі. Педагог Chat GPT-дің көмегімен оқушыларға түрлі тапсырма беріп, бағдарламаны түрлендіруге ден қойған. «Жасанды интеллект сабақты жүйелейді, оның көмегімен әр оқушының қызығушылығын қамтымуға мүмкіндік бар», - дейді ол.
Әйгерім Оңалбаева, Tomorrow School жасанды интеллект мектебінің студенті:
- Қазіргі таңда Chat GPT, DeepSeek қолданбайтын адам аз. Мысалға мен сабақта қолданатынмын. Физикалық тұрғыда сабақты дайындағанда тапсырманың 5 түрін, бір сабаққа ұйымдастыра алуым мүмкін. Ол жерде ол тапсырма оқушылардың бәріне жалпы болып кетеді, ал егер мен жасанды интеллектті дұрыс пайдалана алып, өзімнің оқушыларыма арнап, бағдарламалап қойсам, бір тақырыпқа арналған тапсырманы 20-30 түрлі нұсқада дайындап бере аламын.
Технологияның тілін түсінгенге берері мол. Сондықтан шымкенттік мұғалім білімін тереңдету үшін Астанаға келген. Қазір Әйгерім – Оңалбаева Astana Hub ұйымдастырған жасанды интеллект мектебі жобасының қатысушысы. Былтыр күзде ол алғашқылардың бірі болып оқуға өтінім берген. Іріктеуден өтіп, қазір тегін білім алып жатыр.
Айта кету керек, мұнда студенттер бірнеше мамандықты таңдай алады, соның ішінде жасанды интеллект инженері, мобильді қосымшалар әзірлеуші, IT жүйелерінің архитекторы, киберқауіпсіздік маманы және видеойындар әзірлеуші мамандықтары бар.
Әйгерім Оңалбаева, Tomorrow School жасанды интеллект мектебінің студенті:
- Мұнда дәстүрлі сабақ оқыту жоқ. Мұнда мен келіп мұғалімнің бетіне қарап, лекцияда отырмаймын. Мұнда оқыту бағдарламасының түрі peer-to-peer деп аталады. Барлық қатысушылар бір-біріне көмектесу арқылы үйренеді. Яғни, мен келемін. Белгілі бір тақырыпты түсінбесем, өзіммен бірге қатысып жатқан оқушылардан сұрай аламын және өзім білген ақпаратты да басқаларға түсіндіре аламын.
Барлық студентте Astana Hub технопаркінде соңғы үлгідегі iMac компьютерлерінде оффлайн тегін оқу мүмкіндігі бар. Мектеп тәулік бойы жұмыс істейді, студенттер өздеріне ыңғайлы оқу кестесін құрады. Оқуға түсу үшін бағдарламалау бойынша тәжірибе талап етілмейді. Қазір мұнда 77 адам оқып жатыр. Жасанды интеллектке студенттер лек-легімен білім алады. Келесі оқу кезеңіне тіркеу 10 наурызда басталады. Бұл мектеп биыл ашылатын AlemAI жасанды интеллект халықаралық орталығындағы алаңында да болады деп жоспарланған.
Индира Құрбанбаева, Astana Hub баспасөз бөлімінің аға менеджері:
- AlemAI алға қойып отарған мақсаттарына келетін болсақ, ол жыл сайын 10 000-ға жуық талантты тартып, 1000 аса жасанды интеллект бойынша маманды оқытып, 100-ден астам жасанды интеллект стартапты іске қосуды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ 10-ға жуық ғылыми жобаларды жасау жоспарда бар.
AlemAI бұл Қазақстанда бірінші рет жасанды интеллект саласындағы стартаптардың, ғалымдар мен кәсіпкерлердің, тіпті студенттерге дейін бәрін бір жерге біріктіріп, білім алып, дамып, жобаларын жасауға мүмкіндік беретін бірегей орталық болмақ. Бұдан бөлек, халықаралық ІТ компания кеңселерін орналастыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«Нұр-әлем» сферасы. 2017 жылы ЕХРО көрмесінің басты символына айналған нысан енді жаңа технологиялар орталығына айналады. AlemAI жасанды интеллект орталығы дәл осы жерде ашылмақ. Сегіз қабатты ғимаратта талантты балалар бағдарламалау тілін үйреніп, робототехника және креативті технологияларды меңгереді. ІТ саласындағы мансабына дайындалады. Ал ғалымдар жасанды интеллект саласындағы зерттеулерін жүргізуге мүмкіндік алады.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров