Шымкентте жұмысшы мамандықтарға грант көбейді
Шымкенттік студенттер дуалды жүйе арқылы білім алып, дипломдық жұмыстарын зауыттарда қорғап жүр, деп хабарлайды 24kz.
Қазір жергілікті колледждер мен өндіріс орындары арасында ынтымақтастық дұрыс жолға қойылған. Оған қоса, биылдан бастап сұранысы жоғары жұмысшы мамандықтарға бөлінген мемлекеттік гранттардың үлесі артты. Кәсіпкерлердің инвестициясы арқылы да жаңа мамандықтар құрылды.
Төребек Есіркеп үш жыл бойы алған білімін тәжірибелік алаңда шыңдап жүр. Құрылыс бұйымдарының технологы болу үшін темір-бетон зауытында саланың қыр-сырын үйреніп келеді. Осы аралықта цементке қолданылатын қоспалардың мөлшерін біліп, бетонның беріктігіне қажетті химиялық заттармен танысқан. Қазір қатарластарымен дипломдық жұмысқа дайындық үстінде.
Төребек Есіркеп, студент:
- Жалпы құрылыс деген артқа қарай кетпейді ғой, тек қана даму үстінде. Сол жағынан ұнады өзіме. Жаңа техникалар келіп, дамып кеткен. Көп жұмысты осы станоктардың өзі істейді. Автоматтандырылған. Мысалы бір плита болсын немесе кәріз құбырларын болсын бір конструкцияны алып, өзіміз жасап көрсетеміз.
Аймақта жұмысшы мамандығын таңдағандарды дуалды әдіспен оқытуға баса мән берілген. Одан бөлек, кәсіптік база кеңейтіліп, теориямен қатар тәжірибелік сабақтар көбейді. Бұл жастардың салаға деген қызығушылығын айтарлықтай оятты. Тиісінше, құрылыс саласына қажетті жаңадан мамандықтар пайда болды.
Өміртай Байтұрсынов, арнайы пән оқытушысы:
- Техник-технологтарды дайындаймыз. Техник-құрылысшыларды дайындаймыз. Соның ішінде биыл тағы да ландшафт-дизайн мамандықтарын аштық. ВІМ-технолог мамандықтарын аштық.
Еңбек мобильділігі орталығының үйлестіруімен қысқа мерзімді оқу курстары ашылды. Бағдарлама аясында аймақ кәсіпорындарына қажетті мамандар даярланады. Былтыр 700-ге тарта жұмыссыз адам біліктілігін арттырса, биыл көктемнен бастап қайта өтініш қабылдау басталады. Ал өңдеу өнеркәсібі өкілдерінің өтінішімен 1500 адам кәсіптік оқуға алынды. Тағы 53 талапкердің тегін білім алуына инвестиция құйылған.
Дәрия Ордабаева, Әл-Фараби аудандық мансап орталығының басшысы:
- Электр-дәнекерлеуші, монтажник, мебельщик, тігіндер, пішушілер осылардың барлығын оқытамыз. Екінші біздің зауыттардағы жұмыс берушілерді біз субсидияланатын жұмыс орындарына тартып жатырмыз. Жастар практикасымен электрик, электро-слесарь деген мамандықтар бойынша. Азаматтар Үкіметтен айлық алып отырады. Одан бөлек практика алып, жұмыс істейді.
Сұранысқа сәйкес жаңа оқу жылында жұмысшы мамандықтарға 11500 мемлекеттік грант бөлінді. Тегін оқу мүмкіндігіне ие болған студенттердің 67,5% осы салаға тартылған. Жалпы өңірдегі 39 техникалық және кәсіптік оқу колледжінде 50 мыңға жуық студент білім алса, соның үштен бір бөлігіне мемлекеттік тапсырыспен шәкіртақы тағайындалған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы