Атыраудың бес оқу орыны ауыл шаруашылығына маман даярлайды

Атырау аграрлы-техникалық колледжі жұмысшы мамандарын дайындайды.

Бірақ жыл сайын жүздеген түлек оқу бітіргенімен өңірдегі шаруашылықтарға маман жетіспейді. Себебі салада еңбекақы мардымсыз, озық технология кемшін. Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Мемлекет басшысы: «Биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет»,- деген болатын. Бұл Атыраудың ауыл шаруашылығына серпін береді деген үміт бар.

Бұл түлектер енді 5 айдан кейін дайын маман атанады. Биыл колледждің ветеринария бөлімін 60-қа тарта студент аяқтамақ. Солардың бірі болашақ маман Ангелина қарапайым жусанның емдік қасиетін зерттеп жүр.

Ангелина Сатыбалдықызы, студент:

- Жусан ірі қара малдарда және ұсақ малдың бүйрегінде тас байланғанда көмектеседі. Оны алдын ала дайындап, тұнба ретінде қойып, біз ішке қабылданса ішіне, егер сыртқы ауыз қуысындағы жара болса, сыртқы жараға тампонмен жағамыз. 

Жастардың мал маманы атануға деген құлшынысы әзірге мақтауға тұрарлықтай. Қазірдің өзінде олар мал емдеудің алғы шарттарын меңгеріп алған.

Ерасыл Сапарғалиұлы, студент:

- Вакцина егуді, қан алу, сырға салу малды бордақылауға дайындау соның бәрін үйретті өндірістік тәжірибеде. Бітіргесін бұйырса, мамандық бойынша жұмыс істеймін деп ойлаймын. Жағдай қарастырылса, ауылға алатын болса.

Ал өндірісте жас мамандар үшін жағдай жасалмаған. Былтыр осы оқу орнын 62 түлек тәмамдапты. Бірақ соның 50 пайыздан астамы басқа салада жүр. Себеп, бүгінгі шаруашылықтарда технология жоқтың қасы, барлық жұмыс қолмен атқарылатындықтан дипломды жас ауылға баруға құлықсыз. 

Абдумаруф Асқаров, студент:

- Атыраудағы ауылшаруашылығына жеке қожалықтарға барған кезде жалақысы 150-200 мың теңге арасында болады. Ол айлық біздің ойымыздан шықпайды. Мен практиканы Ақтөбе облысынан өтіп келіп отырмын. Ет комбинатынан. Онда жақсы технология аппараттар барлығы бар. Бірақ біздің Атырау облысында сол кішкене қарастырылмаған.

Өңірдегі тағы бір түйінді мәселе ауыл шаруашылығына орта буынды маман даярлайтын оқу орындарының материалдық-техникалық базасы замана талабына сай емес. Мұндағы 7 мамандыққа арналған зертхана мен тәжірибе учаскелері шыққанына 10-15 жыл болған ескі технологиямен жұмыс істейді.

Ислам Жанұзақов, аграрлы-техникалық колледждің директоры:

- 2020 жылы бізде «Жас маман» бағдарламасы бойынша жаңа құрал-жабдықтар алынды. Сол кезде материалдық-техникалық базамызды аздап болса да күшейтіп алдық. Енді осы жылы бізге үлкен көмек болады деген ойымыз бар. Болашақта колледжге 100 компьютер 50 интерактивті тақталар алынады деген ойымыз бар.

Атырауда ауыл шаруашылығы үшін орта буынды мамандар дайындайтын 5 оқу орыны бар. Студенттер өндірістік практиканы қожалықтар мен шағын шаруашылықтарда өтеді. Болашақта облыс орталығынан замана талабына сай жарақтандырылған көп салалы агрокешен салу жоспарланған. Құны 1,5 млрд теңге болатын кешеннің құжаты дайын. Тек қаражат көзі шешілмеген. Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде айтқан ұсынысынан ауыл халқы үлкен үміт күтеді.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин