Абай облысындағы мектепте тропикалық жемістер өседі

Абай облысындағы Қарауыл мектебінде тропикалық жемістер өседі.

Жергілікті оқушылар мұнда білім алып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе жинап жүр. Арнайы жылыжайда лимон, мандарин және анар сияқты экзотикалық жемістерден жыл сайын мол өнім алынады.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Бұл жылыжай шамамен он жыл бұрын салынған. Алғашында мұнда қызанақ, қияр секілді көкөністер өсірілген. Қазір міне оң жағымда банан, сол жағымда анар ағашы жайқалып өсіп тұр. Тропикалық жеміс ағаштарын оқушылар мен ұстаздар күтім жасайды.

Жылыжайда соңғы бес жылдан бері тропикалық жеміс-жидекке басымдық берілген. 9 сыныпта оқитын Расул Серіков те банан өсіруге көмектесіп жүр. Олар жыл бойы жемістерге күтім жасап, мол өнім алады.

Расул Серіков, оқушы:

- Бұл бананды жайдан-жай өсіре салуға болмайды себебі бұл тропикалық жеміс болып келеді. Ол біздің мектепте жылыжайдың ішінде 25-30 градуста өсіріледі. Және де оған арнайы тыңайтқыштар арқылы жылдам әрі пайдалы болып өсуін қамтамасыз ете аламыз.

Мейіргүл Ахметова жалпы орта білім беретін мектепте биология пәнінің мұғалімі. Балаларды үнемі жылыжайға әкеліп тақырыпты тәжірибе жүзінде көрсетіп жүр. Әр сабағын қызықты өткізу үшін зерттеу жұмыстарын жасайды. Мәселен, осыдан 2-3 ай бұрын жас бағбандар құрма егіп көрген.

Мейіргүл Ахмерова, биология пәнінің мұғалімі:

- Екі-үш ай аралығында біз жаңағы құрманың дәнін алып, оның ең жақсы піскен дәнін алдық та оны біз 24/48 сағатқа жылы суға салып құрманы топыраққа ектік.уақыт аралығы 2-3 апта немесе 2-3 айға созылып, өзінің жемісін бере бастады.

Жылыжайдың арқасында биология сабағына қызыққан жастардың саны артқан. Себебі оқушылар кітаптан алған білімін іс жүзінде сынап көреді. Бұл баланың пәнге деген қызығушылығын оятып, қоршаған ортаны жақсы көруге балуиды,-дейді ұстаздар. 

Анар Садыбекова, мектеп директоры:

- Экологияны қорғау мақсатында балалармен жұмыс жүргізудеміз. Ол қазір қалдықтарды лақтырмау, мектептің ішінде тазалық сақтау. Өсімдіктерді күту. Брендон Дюпренің жасаған жасыл қабырғасын көріп, сондай зонаны біз де жасамақпыз.

Жақында ауыл мектебі ЮНЕСКО клубына мүше болған. Тұрақты даму бойынша доцент Брендон Дюпре экзотикалық жемістерді өсіру тәжірибесін жоғары бағалапты. Енді мектеп ұжымы жаңа үлкен жылыжай салуды мақсат етіп отыр.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов