Ғылым жолындағы қыз-келіншектер саны 12 мыңнан асты
Бүгін – Халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні. Бұл күнді Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2015 жылы бекіткен. Бүгінде елде әр салада зерттеумен айналысып жүрген 22 мыңнан аса ғалым болса, олардың тең жартысынан көбі – қыз-келіншектер. Яғни 12 мыңнан аса ғалым әйел ел ғылымының дамуына зор үлес қосып, физика, химия, биология, медицина, ІТ, инженерия, экономика және басқа да салаларда маңызды зерттеулер жүргізіп, жаңалықтар ашып жатыр.
Ғылым-білімге бет бұрған қазақ әйелінің тұлғасы тарихтан мәлім. Мәскеуде бiлiм алған қазақтың алғашқы дәрiгері Аққағаз Досжанова, Қазақстанның және Орталық Азияның тұңғыш әйел академигі, биология ғылымдарының докторы Найля Базанова, қазақ әйелдері арасынан шыққан тау-кен саласындағы тұңғыш ғылым докторы Жамал Қаңлыбаева. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.
Ғалым қыз-келіншектердің қатары бүгінде көбеймесе, азайған жоқ. Мәселен, Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институтындағы жүз ғалымның 75-і – әйелдер.
Эльмира Сәметова, биология ғылымдарының кандидаты, микология зертханасының жетекші ғылыми қызметкері:
- Қазіргі кезде әйелдерге өте қолайлы жағдай жасалған. PhD докторантураға еркін түсуге болады, жылына екі рет қабылдау жүргізіледі. Яғни ғылым жолын құруға мүмкіндік бар. Гранттар бөлінеді. Жыл сайын шетелге 500 грант беріледі. Ең бастысы құжаттарыңды дайындасаң болды, жарты жылға, бір жылға барып, біліктілігіңді арттыра аласың. Қазақстанда мұндай мүмкіндікті пайдаланатын әйелдер өте көп.
Эльмира Саметова 30 жылдан астам уақыт бойы су қоймаларындағы балдырды зерттеп келеді. Бүгінде ғалымның еңбектері шетелде де танымал. Әсіресе зерттеушілер хара балдырына қызығушылық танытқан. Қазақстанда оның 42 түрі бар, ал басқа елдерде небәрі бір-екі түрі ғана кездеседі.
Эльмира Сәметова, биология ғылымдарының кандидаты, микология зертханасының жетекші ғылыми қызметкері:
- Альгологтар Қазақстанда өте аз. Көзге көрінбейтін балдырларды зерттеуге табандылық қажет. Бірден ештеңе бола қоймайды. Микроскоп арқылы ғана көруге болатын денелерді зерттеу оңай емес. Сондықтан бұл саланы таңдайтындар аз.
Сәтпаев университетінің ғалымы Сана Қабдрахманова 18 жыл химия кафедрасында дәріс береді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі негізінде оқытушылық жұмыстан ғылыми зерттеулерге көшеді. Оның алғашқы ғылыми жобасы ағын суларды ауыр металдардан тазартуға көмектесетін гидрогель материалдарын синтездеумен байланысты болды.
Сана Қабдрахманова, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор:
- Енді техника ғылымы қашанда қоршаған ортаның өзгерісіне, қандай да бір жаңа заттың түрін алумен байланысты болғандықтан, осы сала мені қатты қызықтырды. 2012 жылы ең алғаш рет мен өзіміздің алғашқы ғылыми жобамызды ұтып алдық. Ол ғылыми жоба негізінен, қалдық су құрамындағы ауыр металл иондарын, гидрогельдік кетіру, ауыр металдарды бөліп алу байланысты болды.
Профессор Қабдрахманова қазір әріптестерімен бірге табиғи көздерден, яғни крахмал, целлюлоза, желатиннен биоыдырататын заттарды іздеумен айналысып жатыр. Бұл экологиялық материалдарды пакеттермен қоса қағаз және медициналық пластырь өндірісінде пайдалануға болады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Валентин Лобанов.