Өскемендік оқушылар экожүйені жақсартуға ниетті
Шығыс қазақстандық мектеп оқушылары экология мәселесімен айналысуда.
Олар су айдындары мен топырақтың тазалығын зерттеудің өзіндік әдістерін ұсынып, ауа сапасын жақсарту үшін жаңа жобалар әзірлеп жатыр. Сондай-ақ жол жөндеу үшін қайта өңделген пластикті пайдалануды да жоспарлауда. Оқушылардың тың бастамалары Өскеменде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен ғылыми жобалар байқауында таныстырылды.
Бүгін Өскемендегі техникалық университеттің аудиториясы студенттерге емес, оқушыларға толды. Облыстың әр ауданынан келген оқушылар ғалымдар мен сала мамандарына өз жобаларын таныстырды. Мәселен, Никита Чайкин мен Ерәлі Жаныбеков ауа сапасын бақылайтын жүйені жақсартуды көздейді. Осы мақсатта олар облыс орталығындағы әрбір мектепке датчиктер орнатуды ұсынды. Ал Алтай өңірінен келген Әйгерім Әділжан пластикті қайта өңдеп, кәдеге жаратудің тиімді жолдарын іздеуде.
Әйгерім Әділжан, оқушы:
- Пластмасса қайта өңделмегендіктен, мен битум мен пластикті араластыруды ұсынып отырмын. Бұл тонналаған жарамсыз пластикті қайта өңдеуге мүмкіндік береді және «Таза Қазақстан» бағдарламасына қосылған үлкен үлес болар еді.
Жас ғалым өз жобасының жол сапасын жақсарып, ауа-райының өзгеруіне байланысты асфальттың тез бүлінуінің алдын алатынына сенімді. Ал Өскемендік оқушылар Айзада Мархабатқызы мен Аружан Баатбектің де жобасы осыған ұқсас. Олардың жұмысы салалық мекемелердің назарын аударып, жол активтерінің ұлттық сапа орталығының зертханасында сынақтан өтетін болды.
Саяхат Мүсәпіров, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Бүгін бізге жас оқушылар келіп отыр. Яғни жол зертханасында өз жобаларын зерттеп білмекші. Олардың жобалары бізге де қызықты. Өз тарапымыздан қолдан келгенше, көмегімізді аямаймыз.
Қазір облыс аумағында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Былтырдың өзінде республикалық маңызы бар 600 шақырым жол қайта жаңартылды. Биыл соның үш жүз шақырымында жұмыс жалғасады. «Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері мектеп оқушыларына жобаларын жергілікті талаптарға сай жетілдіруді ұсынды.
Әділет Жампейісов, "Қазавтожол" ұлттық компаниясы облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Біздің өзіміздің тұрғылықты жердің ерекшелігіне байланысты, оны апару-жеткізу қашықтықтары бізде әртүрлі. Жердің территориясы өте кең. Мысалға, 300 шақырым, одан ары да жеткізу мүмкіндігін арттыратындай мүмкіншіліктерін дамытса, бұл өте жақсы идея деп ойлаймын.
Жас ғалымдар дайын жобаларды әзірге облыс орталығында сынақтан өткізіп, қолданып көруге шақырды.
- Алысқа бармай-ақ қояйық, Өскеменде көпірдің жағдайы өте нашар. Сол үшін біз бәріміз бірлесіп, бір команда болып, жұмыс істейік деген ойдамыз.
Айта кетейік, қала ішіндегі басты өткелді жөндеу жұмыстары биыл қолға алынады деп жоспарлануда. Расында қазір көпір үстіндегі жол шұрық-тесік. Мамандар оқушылардың жобалары шынында пайдалы болып, қоршаған ортаға өз әсерін тигізуі мүмкін екенін айтады.
Жандос Жұмабек, Анель Есенбердина, Жигер Бабаканов