БҚО-да 7000-нан астам бала инклюзивті біліммен қамтылды

Батыс Қазақстан облысында жеті мыңнан астам бала инклюзивті біліммен қамтылды, деп хабарлайды 24kz.

Оларға балабақшалар мен мектептерде қосымша қолдау кабинеттері ашылды. Қазір өңірде ерекше балалармен 600-ге жуық арнайы білімі бар педагог жұмыс істейді. Әсіресе, «Келешек мектептерде» инклюзивті білім берудің мүмкіндіктері кеңейіп келеді.

Байқоныс ауылындағы «Келешек мектебі» жаңа оқу жылында ашылды. Мұнда инклюзивті білім беруге барлық жағдай қарастырылған. Арнайы ашылған кабинетте 17 бала тәлім алады. Солардың бірі үшінші сыныпта оқитын Әмина Ахон.

Сағадат Меңдібаев, логопед-дефектолог:

- Әмина баспапқы кезде түрлі түстерді ажырату жағында көп қиыншылықтар болды. Қазіргі таңда Әминаның қабылдауы, есте сақтауы өте жоғары деңгейде. Көптеген өзгешеліктер бар.

Эльмира Мұратова, Байқоныс ауылының тұрғыны:

- Мұндай кабинет болмаған кезде, жазғы демалыс уақытында ПМПК-ға апарып жүрдім. Қазір онда бармаймыз. Себебі, мамандар өзіміздің мектепте бар. Психолог, логопед, дефектолог бәрі қамтылған.

Жаңа білім ошағында лифт, пандус және арнайы нұсқамалар орнатылған. Сенсорлық, емдік дене шынықтару залдары да бар.

Мәншүк Әлпейісова, психолог:

- Мұнда барлық балаларға тең мүмкіндік жасалған. Соның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға физикалық және психологиялық қолайлы жағдай жасалған. Қауіпсіз қолайлы орта.

Жалпы өңірде 7 мыңнан астам бала инклюзивті біліммен қамтылған. Аймақтағы 345 мектеп пен 135 балабақшада арнайы сыныптар бар.

Шынар Бауидинова, Білім басқармасының бас маманы:

- Облысымызда 13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс жасайды. Кабинетте қазіргі таңда 391 бала білім алуда. 2022 жылы облыста аутизм орталығы ашылды. Қазіргі таңда 92 баламен жұмыс жасауда.

Өңірде жыл  соңына дейін тағы 5 «Келешек мектебі» ашылады. Оқу ордаларында инклюзивті білімге баса көңіл бөлінеді деп көзделіп отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов