Шымкенттік оқушылар Париждегі ғылыми байқаудан күміс жүлдемен оралды

Шымкенттік оқушылар Парижде өткен халықаралық IGEM 2025 ғылыми байқауынан күміс жүлдемен оралды.

Зияткерлік мектептің оқушылары косметикалық өнімдердің қауіпсіздігін анықтайтын биосенсор жасаған. 

Халықаралық байқаудан жеңіспен оралған өнертапқыштарды қатарластары ерекше ықыласпен қарсы алды. Ғылыми жетістікпен ел мерейін асырған оқушылар мектептің мақтанышына айналды. Олар таныстырған биотехнологиялық жоба косметикалық өнімдердің қауіпсіздігін анықтайды. 

Ұлдана Рахиева, оқушы: 

- Жақсы қорғап шықтық. Қазылар алқасынан жақсы фидбэк алдық. Басқа командалармен де ақпарат алмастық. Өзімізге деген сеніміміз артты. Теориялық жағынан толық дәлелденген және практикалық жағынан біз Астанада Ұлттық биотехнологиялық орталықта бастамасын жасадық.

Бұл жеңіс өзге оқушыларға үлгі болды. Мектептің жас ғалымдары жасанды интеллектіге негізделген «автоматтандырылған стетоскоп» ойлап тапты. Науқастың жүрек дүрсіліне жасалған талдау диагнозды дәл анықтауға мүмкіндік береді.

Камила Кемелбек, оқушы:

- Біздің жасанды интеллектіміз интернеттегі ашық 50 мыңнан астам аудио жазбалардан жасалған. Ол арқылы біз өте нақты диагноз шығара аламыз. Сондай-ақ жасанды интеллектімен қоса әр пациенттің жынысы, жасы секілді параметрлерді ескереміз.

Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмысы биотехнологияның зор жетістігі деп бағаланды. Енді жоба жетекшісі өнімді патенттеп, өндіріске енгізуге дайындамақ. Айтуынша, мұндай ғылыми байқаулар оқушылардың білім көкжиегін кеңейтеді.

Жанна Өтебаева, жоба жетекшісі:

- Жалпы бұл өте үлкен тәжірибе. Оқушылар ең бірінші өздері тақырып таңдайды. Оның қаншалықты актуалды екенін анықтайды және оның қандай пайда алып келетінін. Оқушылардың шетелдегі көптеген беделді университеттерге жолдама, гранттар алуына көп септігін тигізеді.

Парижде өткен байқауға 60-тан астам елден 400-ге жуық команда қатысқан. Университеттер пен аспиранттық деңгейдегі зертханалық жобалар да ұсынылған. Сондықтан «оқушылардың жетістігі отандық биотехнологияның жоғары әлеуетін көрсетеді», дейді мамандар. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов