Digital Qazaqstan 2026 үздіктердің басын қосты
Шымкентте өткен Digital Qazaqstan халықаралық форумы цифрлық сала үздіктерінің басын қосты.
Қатысушылар Қазақстан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып отырғанын атап өтті. Экономика мен қоғамдық өмірдің барлық салаларында технологиялық ілгерілеуге, адами капиталды дамытуға зор көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл елде мамандандырылған ЖИ университетін құру, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту секілді іргелі қадамдарды іске асыру көзделген.
Адина Магавина, Alem.аі Foundation бас директоры:
- Біз бүгінгі Digital Qazaqstan форумында аса маңызды іс-шараларды өткізіп жатырмыз. Оның бірі – бағдарламалау бойынша Орталық Азия чемпионаты. Ол зияткерлік спорт түріне жатады. Қатысушылар бағдарламалау тілдерінің көмегімен стандарттан тыс, логикалық-математикалық есептерді шешеді. Бүгін Орталық Азияның ең мықты 40 бағдарламашысы Шымкент қаласында жиналып, өз шеберліктерін көрсетіп жатыр.
Асылжан Абдуллаев, Cortex AІ стартапының негізін қалаушы:
- Медицина саласында deep-tech стартабын әзірлеп жатырмыз. Трансплантацияланған бүйректің қабылданбауын алдын ала болжайтын жасанды интеллект әзірледік. Cortex AI ретроспективалы деректерге негізделген жасанды интеллект, ол көрсеткіштерді талдап, ағзаның қабылданатынын немесе қабылданбайтынын болжайды. Қазіргі уақытта біздің стартап араб серіктестерімізден 85 мың доллар инвестиция тартты. Елдегі 4 клиникада сынақтан өтіп жатырмыз.