Қазақстан тарихының бесінші томы бекітілді

Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.

Басқосуда ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бастапқы кезеңіндегі Қазақстан тарихына арналған бесінші томның қолжазбасы қаралды. Оны Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды. Редакция алқасы бесінші томның қолжазбасын бекітіп, баспаға дайындау туралы шешім қабылдады. Академиялық басылымның кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына арналған алтыншы томының қолжазбасын, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева таныстырды. Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасованың, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтің рецензиясы тыңдалды. Оған қоса, редакция алқасының Дихан Қамзабекұлы, Еркін Әбіл, Галина Ксенжик сияқты бірқатар мүшелері өз ой-пікірін ортаға салды. Редакция алқасы алтыншы томды қарауды келесі отырыста жалғастыру туралы шешім қабылдады.