Елімізде «Сириус» халықаралық білім беру жобасы жалғасын тапты

Сәуірдің 24-і мен 26-сы аралығында Астанада қазақстандық және ресейлік дарынды балалар мен жастардың ІІ саммиті өткен еді. 

Онда ғылыми-танымдық дәрістер, Сириус бағдарламасының жетекші сарапшыларынан шеберлік сабақтары және математика мен жаратылыстану ғылымдары бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру курсы ұйымдастырылды.

ІІ халықаралық таланттар саммиті кезінде «Талант и успех» білім қоры,  еліміздің оқу-ағарту министрлігі, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, және KAZ Minerals тобы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Сириус» жобасы – дарынды балаларға арналған заманауи мектеп үлгісі саналады. Мұнда нақты және жаратылыстану ғылымдарын, технологиялар мен шығармашылықты тереңдетіп оқытуға басымдық беріледі, әрі оқу процесіне жетекші ұстаздар мен сарапшылар тартылады. «Сириус» білім беру орталығы 2015 жылы Сочи қаласында олимпиадалық инфрақұрылым негізінде құрылған.

Енді ынтымақтастық аясында Астанада «Қазақстан – Сириус» халықаралық жалпы білім беру мектебін, балалар мен жастардың таланттарын дамыту орталығын, сондай-ақ Жастар ғылыми паркін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Алматы қаласында білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасады. Айта кетейік, ауқымды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қолға алынған.

Елена Шмелева, «Талант и успех» білім қорының жетекшісі:

- Балалармен, жастармен жұмыс істеуден, мемлекеттік міндеттерді шешу үшін кадрларды даярлаудағы ұлттық мүддеден артық маңызды дүние жоқ деп ойлаймын. Біз үшін жобаның серіктестері саммит кезінде инфрақұрылымды дамытудың келесі кезеңдерін талқылайтыны қатты қуантады. Алматыда мектеп пен орталықтың іргетасы салынды. Қазір Астанада осындай мектеп пен жастар ғылыми паркін құру жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр. Осылайша, білім берудің барлық деңгейінде барлық бағдарламамыз заман талабына сай жалғасын тауып жатыр.

Саммиттің алғашқы күні Қ. Қуанышбаев атындағы ұлттық музыкалық-драма театрында ұйымдастырылған «Достық әуені» симфониялық концертімен қорытындыланды. Оған Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, «Сириус» федералдық аумағы Кеңесінің төрағасы, «Талант и успех» білім беру қорының жетекшісі Елена Шмелева, сондай-ақ педагогтер мен оқушылар қатысты. Шығармашылық кештің шымылдығын Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі ашты. Бірінші бөлімде қазақстандық композитор Арман Жайымның «Алпамыс» балетінен «Тайшықханның биі» паш етілді. Одан кейін VII Бүкілресейлік «Созвездие» жас музыканттар байқауының Гран-при иегері, 16 жастағы пианист Михаил Пироженко Сергей Прокофьевтің №1 фортепиано мен оркестрге арналған концертін орындады. Концерттің екінші бөлімі Дмитрий Шостаковичтің 120 жылдығына арналды. Скрипка мен оркестрге арналған №1 концертті Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, П. И. Чайковский атындағы XV Халықаралық байқаудың лауреаты, Мәскеу мемлекеттік академиялық филармониясының және Санкт-Петербург Музыка үйінің солисі Павел Милюков орындады.

Павел Милюков, Мәскеу мемлекеттік академиялық филармониясының солисі:
- 2008 жыл мен үшін музыкалық өмірімдегі ерекше маңызды жыл болды. Сол кезде Астанада өткен скрипкашылар байқауында жеңіске жеттім. Сол жеңіс  маған қанат біттіріп, шығармашылығыма жол ашты. Көп жыл өткен соң да мұнда келген сайын сол сәт еске түседі. Ресейден немесе басқа елдерден келген кез келген музыкантқа қарағанда астаналық көрермені мен үшін біршама жақынырақ. Сол себепті достарыммен, осында мені қолдаған жандармен қайта жүздесуге қуаныштымын.

«Сириус – Қазақстан» таланттар саммиті биыл алғаш рет қаңтар айында Алматыда өткен. Сол кезде «Сириус» мектебі мен білім беру орталығының  құрылысы басталған. Бұл оқу орнында еліміздің білім беру мемлекеттік стандартына сәйкес математика, физика, химия және биология пәндері бойынша кіріктірілген бағдарламалар, сондай-ақ жасанды интеллект, ғарыш, инженерия мен жаратылыстану бағыттары бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде білім бағдарламалары ұсынылады. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев