Семейде ғылымды дамытуға күш салынады
Семейлік жас ғалымдарға баспана, гранттар және қолайлы еңбек жағдайлары ұсынылады.
Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли Қолданбалы ғылымды дамыту жоспары туралы «Abai Science Fest» ғылыми фестивалінде мәлімдеді.
«Abai Science Fest» ғылыми фестиваліне өңірдегі бірнеше жоғары оқу орны мен ғылыми орталықтардың жас зерттеушілері қатысты. Арнайы ұйымдастырылған көрмеде олар агротехнологиялар, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған еңбектер және атом энергетикасын дамыту жобаларын таныстырды. Көптеген жоба өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып жасалған.
Нұржан Мұхамедов, ҚР ҰЯО реакторлық құрылғыларды құрастыру және сынау бөлімінің басшысы:
- Ұлттық ядролық орталықта екі зерттеу реакторлары бар. Ол «ИБГМ 1 М» және «ИГОРЬ» зерттеу реакторы. Сонымен қатар осы реакторларда қазір халықаралық проекттер жүргізіліп жатыр. Айта кетер болса, СЕА Франция JЕIA Жапония және Қытай елінің сиси сеае компанияларымен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Абай облысында 830 жас ғалым еңбек етеді. Олардың өңірді әрі қарай дамытуы үшін барлық жағдай жасалмақ. Жаңа Smart City ауданында билік «Ғалымдар үйін» салуды жоспарлап отыр. Онда заманауи зертханалар мен ғылыми зерттеу алаңдары ашылады. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлер «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасына енгізіледі.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, дарынды, талапты және еңбеқор жастар оның ішінде ғалымдар – замануи Қазақстанның жарқын келбеті жас әрі терең білімді азаматтар ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші. Бүгінгі таңда енді Аьбай облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 150 мыңнан астам жас тұрады. Бұл дегеніміз біздің облысымыздың халқының шамамен 25 пайызы ол жастар деген сөз.
Облыс әкімі сондай-ақ өңір ғылымын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмысты мамандар жас зерттеушілермен бірлесіп жүргізуі тиіс. Өңір басшылары осындай жобалардың көмегімен Семейді елдегі ең дамыған ғылыми орталықтардың біріне айналдыруды көздейді.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Ботакөз Дәндібаева, Мәди Базарбеков