LRT вагонындағы ерекше флешмоб: түлектер «Ақ бантик» әнін шырқады
Астанадағы №91 мектеп-гимназиясының түлектері соңғы қоңырау қарсаңында ерекше форматтағы музыкалық флешмоб ұйымдастырды, деп хабарлайды «24KZ».
Жас түлектер Мұхтар Шахановтың көпшілікке танымал «Ақ бантик» әнін елордадағы LRT вагонында орындап, жолаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оқушылардың айтуынша, мектеп маңында салынып жатқан LRT желісі олар үшін тек заманауи көлік инфрақұрылымы ғана емес, Астананың қарқынды дамуы мен болашаққа ұмтылысының символына айналған.
Сондықтан түлектер мектеппен қоштасу сәтін қаланың жаңа даму кезеңімен байланыстыруды жөн көрген. Ақ жейде мен ақ бантик таққан мектеп бітірушілер ән арқылы ұстаздарына алғыс айтып, туған қалаға деген сүйіспеншілігі мен болашаққа сенімін жеткізуге тырысқан.
Түлектеріміздің мектеп бітіру сәті мен LRT-ның іске қосылу кезеңі қатар келіп отыр. Осы орайда біз ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың туған қалаға деген құрметін көрсету мақсатында осындай ерекше іс-шара ұйымдастырдық. Бұл түлектердің есте қаларлық сәттерінің бірі болады деп сенеміз, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Ахметова.
Айта кетейік, биыл Астанада 16 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді.