Шымкентте 16 мыңнан астам түлек мектеп бітірді
Қаладағы барлық оқу ошақтарында «Білімім Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаты өткізіліп, жыл қорытындысы жасалды.
Жалпы 277 мыңнан астам бала жазғы демалысқа жолдама алды. Алтын ұядан ұшқан жас өрендер алдағы маңызды сынақтар мен мамандық таңдау науқанына қызу дайындыққа кірісті.
Мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Биыл озат оқушылар оқу жылын табысты аяқтап, шаһар мәртебесін биіктетті. Жиында сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мектеп бітірушілердің бәсекеге қабілетті екенін айтып, түлектерге жігер берді.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Сіздер елдің болашағысыздар. Қазіргі кезде білесіздер барлық жер ашық. Әлемнің әр университетінде, кез келген жерге түсе аласыздар. Ол үшін білімдеріңіз де жетеді.
Қалада білім сапасының көрсеткіші жыл санап артып келеді. Биыл 1123 оқушы үздік аттестаттан үміткер болса, 786 түлек «Алтын белгіні» қорғайды. Олардың қатарында IT лицейдің озаттары көп.
Нұрислам Базарбай дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернатының түлегі:
- Мектепті табысты аяқтадым. Алтын белгіге бітіріп отырмын. Біршама республикалық, қалалық олимпиадаларда жүлделі орын алдым. Болашақта елімізге пайдасын тигізетін үлкен ер азамат болып өскім келеді.
Жалпы 16 мыңнан астам мектеп бітірушінің 64,1%-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірді. Осыған байланысты тестілеуді ұйымдастыру мен өткізу жұмыстары пысықталып, арнайы емтихан орталықтары техникалық құралдармен толық жабдықталды.
Қуаныш Ысқақов, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Қала бойынша 291 мектепте 277 мыңнан аса оқушы білім алуда. Қалалық ата-аналар жиналысы өткізілді. Ол жерде де ескертілді. Мұғалімдерге де бірнеше рет, мектеп директорларына да бірнеше рет ескерту жіберілді.
Бұл күні мектеп бітірушілердің жүзінен қуаныш пен қимастық сезімі байқалды. Ұстаздар қауымы да көз алдында өсіп жетілген шәкірттерін үлкен өмірге шығарып салды. Салтанатты шара соңында түлектер вальс билеп, мектеп ұжымына алғыс білдірді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов