Nazarbayev University түлектері диплом алды
Екі мыңға жуық студент оқуын сәтті аяқтап, Nazarbayev University дипломын алды.
Айта кету керек, 16 жыл ішінде іргелі оқу ордасы 14 мыңға жуық жоғары білікті маман даярлап шыққан. Тіпті Қазақстанның алғашқы технологиялық «мүйізтұмсығы» атанған Higgsfield AI (Хигсфилд ЭйАй) жобасын жасаған мамандардың 90 пайызға жуығы осы университеттің түлектері.
Мантия киген жастар мен профессорлар. Бұл Орталық Азияның ең үздік оқу ордасы – Nazarbayev University түлектеріне диплом табыстау рәсімі. 12-жыл қатарынан түлектерін түлетіп ұшырып жатқан университетте биыл рекорд. Оқу жылын 1877 түлек бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын тәмамдаған.
Вакар Ахмад, NU президенті:
- Бүгін қуаныш пен мақтанышқа толы ерекше күн. Сондай-ақ түлектеріміз үшін – бұл жаңа өмір кезеңінің басталуы. Қазіргі әлем жылдам өзгеріп жатыр: технология дамуда, жасанды интеллект кең таралуда, климаттық және экономикалық сын-қатерлер көбейіп келеді. Бірақ біз сіздерді осы өзгерістерге бейімдеп, қоғам игілігі үшін еңбек етуге дайындадық.
Айта кету керек, Қазақстанның беделді зерттеу университетінде тек отандастарымыз ғана емес, сондай-ақ шетелдік студенттер де сапалы білім алады. Жалпы биыл Nazarbayev University қабырғасында оқыған жастардың дені инженерия және цифрлық ғылымдар бағытын таңдаған. Аталған мектепті 673 түлек тәмамдап отыр. Ал түлектердің 653-і әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарды меңгеріпті.
Балғын Оразалы, NU түлегі:
- Назарбаев университетіне алғысым шексіз. Менің тек қана маман ретінде емес, сондай-ақ тұлға ретінде дамуыма зор ықпал етті. Біздің профессорлар мен студенттер әлемде үздіктердің қатарына кіреді.
16 жыл ішінде Nazarbayev University тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетел нарығында да жоғары сұранысқа ие 14 мыңға жуық маман даярлап шыққан. Бүгінде беделді білім ордасы Times Higher Education World University Rankings рейтингі бойынша әлемдегі жоғары оқу орындарының үздік 23 пайызына кіреді.
Риат Шони, Мұрат Әріпханов