Қазақстанның 10 мектебінде жасанды интеллект жобасы іске қосылады
Елде 1 қыркүйектен бастап мектептерде жасанды интеллектті білім беру процесіне енгізу бойынша пилоттық жоба басталады. Алғашқы кезеңде Қызылорда және Павлодар облыстарындағы 10 шағын жинақты мектеп қамтылады, деп хабарлайды «24KZ».
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, елімізде 2 600-ге жуық шағын жинақты мектеп бар. Олардың бірқатарында математика, физика, химия және биология сияқты жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша мұғалім тапшылығы байқалады. Жоба осы мәселені шешуге бағытталған.
– Пилоттық жобаны Қызылорда және Павлодар облыстарындағы 10 шағын жинақты мектептен бастаймыз. Кейін оны 500 мектепке дейін кеңейту жоспарланып отыр. Ал 2027–2028 оқу жылына қарай жоба шамамен 2 100 оқушыны қамтиды, – деді министр.
Жоба аясында мектептерге планшеттер мен интерактивті тақталар беріледі.
Министрдің айтуынша, планшеттер 7–11 сынып оқушыларына арналған. Оларды пайдалану санитарлық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады және бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп қаралады. Сонымен қатар, оқу процесінде қағаз оқулықтар да сақталады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз