Бурабайда жас мұғалімдердің жазғы лагері өтті
Бурабайда түркі елдерінің жас ұстаздары бас қосты.
Жазғы лагерді Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ұйымдастырған. Айтулы шара биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өтіп отыр. Бұған дейін жыл сайын ел жастарының басын қосатын еді.
Республикалық жазғы лагерь дәстүрлі түрде 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ал халықаралық деңгейде биыл тұңғыш рет өткізілуде. Оған Қазақстанның түпкір-түкпірінен және Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Өзбекстан елдерінің жас педагогтары мен кәсіподақ белсенділері келді.
Айнұр Мұқанова, қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының бас маманы:
- Бес елден қонақтар келді. Оларға жазғы лагерь қатты ұнады. Бәрімен танысқаныма қуаныштымын. Қонақтармен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен жас мамандар қатысып жатыр. Олар белсенділік танытып, өздерінің талантын, алғырлығын көрсетті. Кәсіподақтың сапында осындай талантты жастардың барына қуаныштымын. Барша қатысушыларға табыс тілеймін.
Лагерь аясында қатысушылар үшін мазмұнды дәрістер, тренингтер, шеберлік сабақтары, ұлттық және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.
Мыскал Абылова, Қырғыз Республикасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы:
- Сәлеметсіз бе, құрметті біздің қазақ боордоштар. Бу төрт күн ішінде біз ойлағандай чоң өзіміз үшін пайдалы болған трениң-семинарларды, оқуларды ала алдық. Жоғарқы деңгейде болды. Бу жақтың ұйыстырыжы топқа терең разычылық білдіреміз.
Шахрух Баймуратов, Өзбекстан делегациясының өкілі:
- Біз бауырлас халықпыз. Бұл жерде тек қазақтар болған жоқ. Басқа да туыс халықтардың өкілдері келді. Олармен де жақын араласып кеттік. Мен осы таныстық бізге болашақта биік нәтиже көрсетуге көмектеседі деп ойлаймын.
Жазғы лагерь Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және Жасанды интеллект жылына орай ұйымдастырылды. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – белсенді жас педагогтарды біріктіріп, олардың арасында тұрақты халықаралық байланыс орнату, озық тәжірибелермен бөлісу және білім беру саласының болашағына үлес қосатын көшбасшыларды қалыптастыру.
Серік Селеубайұлы