Елордада болашақ судьяларға диплом табысталды

Елордада Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистратура түлектеріне диплом табысталды.

Жас мамандардың дені судья лауазымына арналған біліктілік емтиханын сәтті тапсырды. Биыл білім ордасының құрылғанына 10 жыл. Бұл кәсіби судьяларды даярлайтын, әрі сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын елдегі жалғыз мамандандырылған оқу орны. Биыл Қазақстанда ұзын саны 159 судья жаңадан тағайындалды. Оның 82-сі академия түлектері. Бүгінде жастар арасында бұл мамандыққа қызығушылық едәуір артқан. Егер бұрын бір бос орынға орта есеппен 25 үміткер қатысса, қазір бұл көрсеткіш 95 адамға жеткен.

Дмитрий Малахов, ҚР Жоғары сот кеңесінің төрағасы:

- Магистр дәрежесін алу – білім жолындағы маңызды кезеңнің сәтті аяқталуы ғана емес, сонымен бірге заңға, әділдікке және қоғам мүддесіне қызмет етуге дайын екендіктеріңіздің айқын дәлелі. Сот төрелігі академиясында алған білімдеріңіз, практикалық дағдыларыңыз бен кәсіби құзыреттеріңіз алдағы кәсіби дамуларыңызға және өз әлеуеттеріңізді толық жүзеге асыруға берік негіз болады деп сенемін.