Абай облысында 103 мектеп жөндеуден өтіп жатыр
Биыл Абай облысында 103 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Семейде төрт мектеп күрделі жөнделсе, бір мектеп Жарма ауданында толық жаңартылады. Бұл жұмыстарға облыс бюджетінен 1,5 миллиардтан астам теңге бөлінді.
Ең ауқымды жобалардың бірі №37 мектеп-гимназияда жүзеге асырылып жатыр. Мұнда 34 жылдан бері алғаш рет шатыр толық жаңартылып, спорт залы күрделі жөндеуден өтуде.
Ғалия Досжанова, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары:
- Биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлінді.156 млн теңге. Бұл енді 34 жыл ішіндегі бірінші, алғашқы күрделі жөндеу жұмыстары шатырға бөлініп қазіргі кезде жүмыс жүріп жатыр. Сонымен қатар спорт залына да 10 млн теңге бөлініп ағымдағы жұмыстар атқарылып жатыр.
Бұдан бөлек облыстағы 98 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Биыл химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 26 заманауи пәндік кабинет сатып алынады.
Темірлан Қалелов, білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Барлық жұмыстардың сапасы мен мерзімінде аяқталуы басқарманың тұрақты бақылауында. Біз жаңа оқу жылы басталғанға дейін жоспарланған жұмыстардың басым бөлігін аяқтап, балаларымызды жайлы, қауіпсіз және заман талабына сай мектептерде қарсы алуды мақсат етіп отырмыз.
Сонымен қатар мектептерде инженерлік желілер жаңартылып, жылу жүйелері алдағы жылыту маусымына дайындалып жатыр. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылын кедергісіз бастауға мүмкіндік береді.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков