Халықаралық білім олимпиадасы жеңімпаздарының саны артты
Өткен оқу жылында 3 мыңнан астам қазақстандық оқушы 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, мыңнан астам медаль олжалады.
Бұны ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтты. Вице-министрдің мәліметінше, 2023 жылмен салыстырғанда марапат саны 96 %-ға артқан. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан халықаралық олимпиада қатысушыларын қолдау шаралары да күшейтіліп жатыр. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдан бері жеңімпаздарға, жүлдегерлерге және оларды дайындаған педагогтерге бір жолғы ақшалай сыйақылар төленеді. Сондай-ақ бұл жасөспірімдер қосымша іріктеусіз "Болашақ" бағдарламасы арқылы шетелге бакалавриатқа түсуге мүмкіндік алды. Айта кетерлігі, қазір әрбір үшінші қазақстандық оқушы зияткерлік жарыстарға қатысады.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Халықаралық олимпиада жеңімпаздары еліміздің жоғарғы оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға мүмкіндік алды. Ал 2025 жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарына «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша білім алу мүмкіндігі берілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге де мемлекеттік біржолғы ақшалай сыйақы төлеу тетігі енгізілді.