РФММ оқушылары Индонезияда халықаралық ғылыми жобалар олимпиадасында алтын алды

Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары Индонезияда халықаралық ғылыми жобалар олимпиадасында алтын медаль иеленіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Жас зерттеушілер компаниялардың қаржылық көрсеткіштері мен ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерді бір уақытта талдайтын гибридті жасанды интеллект моделін әзірлеген. Жүйе инвестициялық тәуекелдерді азайтып, компаниялардың даму әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Байқауда әлемнің 16 елінен келген жас ғалымдар бақ сынады.

Нұрмұхаммад Жамбылұлы, ұлттық құрама қатысушысы:

- Жобамызды халықаралық байқауда таныстырғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл жүйе жасанды интеллектінің көмегімен инвесторлар мен сарапшылардың жұмысын жеңілдетуге арналған. Жүйе қаржылық деректерді біріктіріп, объективті талдау жасайды. Жобаға жарты жыл дайындалдық. Байқау туралы интернеттен біліп, бағымызды сынап көруге шешім қабылдадық. Алда халықаралық ғылыми көрмеге қатысуды жоспарлап отырмыз.