Елімізде биыл бастауыш сыныптарда бағалаудың жаңа тәсілдері енгізіледі

фото: ҚР Орталық коммуникациялар қызметі

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сынып оқушыларының білімін бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі, деп хабарлайды «24KZ».

Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілін қайта қарады. Оған ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары мен практикалық тәжірибесі, білім алушылардың оқу жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері, сондай-ақ отандық және халықаралық зерттеулердің қорытындылары негіз болды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында хабарлады. Оның айтуынша, критериалды бағалау жүйесі сақталады. Осыған сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі.

«Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Жаңартылған тәртіпте формативтік бағалау сақталып, оның рөлі күшейтіледі. Ал оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Ең алдымен формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі артады. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. Тек балл қою тәсілі нақтыланады», - деді спикер баспасөз конференциясында. Жаңартылған бағалау жүйесі: аралық бағалау енгізіледі.
 
ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, формативтік бағалау оқушының күнделікті оқу барысындағы жетістігін көрсетсе, аралық бағалау белгілі бір бөлім аяқталғаннан кейін меңгерілген білім мен дағдыларды қорытындылауға бағытталады.

«Аралық бағалаудың енгізілуімен бағалау жұмыстарының құрылымы да өзгереді. Жаңартылған тәртіп бойынша тоқсан соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді. Оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесі аралық бағалау арқылы анықталады және тоқсан соңында бұрынғы бағаланған бөлімдерді қамтитын жеке жиынтық жұмысы жүргізілмейді. Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының саны бір жұмысқа қысқарады. Бұл білім алушының бағалау жүктемесін оңтайландырады және педагогтің ТЖБ тапсырмаларын бөлек әзірлеу, өткізу және тексеруге жұмсалатын уақытын қысқартады», - деді спикер.

Аралық бағалаудың тағы бір ерекшелігі – оның форматы және мазмұны. Енді диктант, бақылау, шығарма, мазмұндама секілді жазба жұмыстары аралық бағалаудың негізгі нысандарының бірі болады. Оларды орындауға толық сабақ уақыты – 45 минут беріледі.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз