Астанада оқушылар мен оқытушыларға арналған жаңа платформа пайда болады
Енді спорт саласының жас саңлақтары мен мұғалімдері жеткен жетістіктерін растау үшін қағаз құжат жинап жүрмейді. Оқушылар мен оқытушылар туралы мәліметтер бұдан былай бір платформада болады.
Бұл туралы Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры айтты. Жаңа жоба 200-ге жуық маманның басын қосқан «Дене шынықтыру – адам капиталын дамытудың стратегиялық негізі» атты республикалық секцияда таныстырылды. Бұдан бөлек жиында дене тәрбиесін дамытудың заманауи тәсілдері, мектеп және бұқаралық спортты дамыту, педагогтердің біліктілігін арттыру, инновациялық және цифрлық технологияларды енгізу секілді мәселелер талқыланды.
Арман Ташметов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры:
- Қазір үлкен платформа дайындап жатырмыз, бұл – үлкен жұмыс. Мұғалімдеріміздің, спортшыларымыздың аты-жөнін, барлық жетістіктерін, сертификаттары мен грамоталарын платформаға енгізеді. Ешқандай қағаз, бюрократия болмайды.