Тамыз кеңесі: жаңа оқу жылында жаңа міндеттер
Шымкентте өткен дәстүрлі тамыз конференциясында үздік білім беру ұйымдары
анықталып, білікті мамандар марапатталды. Жиынға екі мыңнан астам мұғалім, директорлар, сала қызметкерлері мен ардагерлер қатысты. Олар білім беру жүйесінің стратегиялық негізі саналатын адами капиталды дамыту мәселесін талқылады. Іс-шарада жаңа оқу жылындағы мақсат-міндеттер айқындалып, цифрлық жобалар таныстырылды.
Қаладағы білім беру ұйымдарына 400 мыңнан астам бала барады. Жергілікті бюджеттің үштен бірі осы саланы дамытып, білім сапасын арттыруға жұмсалады. Биыл 6 мектеп пен 1 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Тағы 7 мектептің жанынан қосымша ғимарат салынды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа оқу жылы қарсаңында басты стратегиялық басымдықтарды айқындап берді.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Біздің негізгі өлшеміміз баланың білімі, тәрбиесі, қауіпсіздігі және болашаққа даярлығы. Қаладағы мемлекеттік мектептерде педагогтардың біліктілік санаты бойынша көрсеткіштері жоғары. Біліктілік санаты қағаздағы пайызбен емес, сабақтың сапасымен, оқушының ілгерілеуімен және тұрақты нәтижемен дәлелденуі тиіс.
Тамыз кеңесінде үздік білім беру ұйымы анықталды. Алғаш рет ұйымдастырылған байқау жеңімпазына 68 миллион теңгелік сертификат тапсырылды.
Арман Орынбеков, №90 дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияның директоры:
- Ендігіде әрине біздің мақсат-міндетіміз мектебіміздің жалпы метериалдық-техникалық базасын нығайту. Сонымен қоса үздік мұғалімдеріміз бен дарынды балаларымызды қолдау мақсатында жұмсалады.
Конференция аясында оқу ордаларына арналған озық жобалар таныстырылды. Көрмеде жасанды интеллектіге негізделген көмекші құрал көптің көңілінен шықты.
Бағлан Қасым, жоба жетекшісі:
- Біздің жасанды интеллект бағасын анықтайды. Олқылығын анықтап береді. Қорытындысын анықтап береді. Оқушы QR-кодты сканерлесе болды жеке кабинетіне өтіп, қатемен жұмыс функциясы ашылады. Сол жақта да ИИ репетитормен жұмыс жасай алады.
Адами капиталды дамыту - білім беру жүйесінің стратегиялық негізі. Тамыз кеңесінде осы тақырып аясындағы маңызды жоспарлар мен ұсыныстар тыңдалып, жаңа оқу жылындағы негізгі мақсат-міндеттер айқындалды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов