Биылғы оқу жылында 90 мыңға жуық білім гранты бөлінді
Оның 75 мыңнан астамы бакалавриат, 11 мыңы магистратура және 3 мыңнан астамы докторантураға арналған. Сондай-ақ кейінгі бес жылда білім алушылардың жалпы саны 16 пайызға өсіп, 724 мың адамға жетті.
Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыра түсу үшін «Келешек» жинақтаушы жүйесі іске қосылып, студенттерге арналған инфрақұрылым дамып жатыр. Мәселен, 2018 жылдан бері 72,1 мың орындық 281 жатақхана пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде жатақханадағы орын тапшылығы шамамен 16 есеге қысқарды. Сонымен қатар маман даярлау ісіне де жаңашылдық енгізіліп жатыр. 10 мыңға жуық студент жыл сайын «Самұрық қазына» қорына тиесілі компанияларда тәжірибеден өтеді. Тағы 10 жоғары оқу орнында «Индустриялдық PhD» бағдарламасы пилоттық іске қосылды. Осылайша, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру жоспарланған.