Мектептегі қосымша бір жыл: артықшылық па, әлде артық уақыт па?

Фото: Qazaq Expert Club

 Тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептегі оқу ұзақтығына қатысты мәселе көтерді: «Назарбаев Зияткерлік мектептері мен жекеменшік мектептерінде 18 жастағы жасөспірімдерді мектепте ұстау қаншалықты орынды?». Ол Оқу-ағарту министрлігіне мұндай модельдің орындылығын зерделеуді тапсырды, деп хабарлайды «24KZ».

 Бір қарағанда, мәселе қарапайым көрінеді. Егер бала 17 жасында аттестат ала алса, мектепте тағы бір жыл оқудың қажеті қанша?

 Алайда 11 және 12 жылдық модельдерді салыстырғанда түлектің жасы ғана маңызды емес. Баланың соңғы оқу жылында нақты нені оқитынын, оған дейінгі сыныптарда оқу жүктемесінің қаншалықты екенін және мектептегі оқу ұзақтығы келесі білім сатысына — университетке қалай әсер ететінін түсіну қажет.

Qazaq Expert Club білім беру саласындағы шақырылған сарапшысы Жазира Асанова 11 және 12 жылдық білім беру модельдерінің артықшылықтары мен тәуекелдерін салыстырады.

 Басқа елдерде мектепті неше жаста аяқтайды?

18 жасқа дейін оқу өз алдына таңсық құбылыс емес. Көптеген дамыған білім беру жүйелерінде жоғары мектепті аяқтау кезеңі 17–18 жасқа сәйкес келеді.

 Қытайда, Жапонияда және Оңтүстік Кореяда балалар мектепте 12 жыл оқиды. Германияда өңірге байланысты университетке түскенге дейінгі оқу 12 немесе 13 жылға созылуы мүмкін. Англияда мектептегі соңғы екі жыл, әдетте, 16–18 жас аралығына келеді. Сингапурда негізгі мектептен кейін көптеген оқушы университетке түсу үшін тағы екі жыл бөлек даярлықтан өтеді.

 Бұл — білім беру жүйелері бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі елдер. Дегенмен ортақ қағида байқалуда. Олардың көпшілігінде университет алдындағы соңғы жылдар бейіндік даярлықтың жеке кезеңі ретінде қарастырылады. ЭЫДҰ деректеріне сәйкес, көптеген елде оқушылар жоғары мектепті шамамен 17–18 жасында аяқтайды.

 Қазақстанда екі модель де қолданылады

 Іс жүзінде бүгінгі таңда елімізде әртүрлі білім беру траекториялары қатар қолданыста.

 NIS-те 11 және 12-сыныптар екі жылдық жоғары мектепті құрайды. Бұл кезеңде бейіндік даярлық күшейеді, бірқатар пән ағылшын тілінде оқытылады, жобалық және зерттеу жұмыстары, сондай-ақ сыртқы бағалау қарастырылған.

 Сонымен бірге 12 жылдық білім беру траекториясы — өзіндік таңдау екенін де ұмытпау керек. NIS-те 11–12-сыныптар жоғары мектептің біртұтас кезеңін құрайтындықтан, аттестат 12-сыныптан кейін беріледі. Алайда ата-ана баласын жалпы білім беретін мектепке ауыстыру құқығы да бар. Бұл жағдайда бала оқуын 11 жылдық бағдарлама бойынша аяқтай алады.

 Айта кету керек, 18 жасқа дейін оқу тек NIS-ке тән ерекшелік емес. Қазақстандағы кейбір жекеменшік және халықаралық мектептер жоғары мектептің екі жылдық бағдарламаларын, соның ішінде IB Diploma және A-Level бағдарламаларын ұсынады, ал кейбірі 13 жылдық оқу бағдарламасымен жұмыс істейді. Оның үстіне отбасылар мұндай білім беру траекториясын саналы түрде таңдайды.

 Оқушы 11-сыныптан кейін қазақстандық аттестат алып, оқуын тағы бір жыл жалғастырып, халықаралық IB дипломын ала алады. Яғни Қазақстанның өзінде оқу ұзақтығы да, соңғы оқу жылының міндеті де әртүрлі модельдер бұрыннан қатар жұмыс істеп келеді.

 Сонда қайсысы тиімді?

 Екі модельді салыстырғанда баланың мектепті қашан аяқтайтынына ғана емес, мамандық немесе университет дипломын алғанға дейінгі бүкіл білім алу жолына қараған жөн.

 11 жылдық жүйенің түсінікті артықшылығы бар: бала аттестатты ертерек алып, білім алудың келесі сатысына тезірек өте алады. Егер қажетті даярлық көлемін шамадан тыс жүктемесіз және кейін қосымша білімді «толықтыруды» қажет етпей 11 жылға сыйғызуға болса, бұл жалпы білім алу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

 Сонымен қатар қосымша бір жыл оқу сапасын автоматты түрде арттырады деп есептеуге болмайды. Егер 12-сынып бағдарламасы бұрын оқылған материалды жай ғана қайталаса немесе оқушыға түбегейлі жаңа құзыреттер бермесе, оқу ұзақтығының өзі артықшылыққа айналмайды.

 12 жылдық модельдің негізгі артықшылығы — толыққанды жоғары мектепті жеке кезең ретінде қалыптастыру мүмкіндігі. Онда оқушы барлық пәнді бірдей көлемде және бірдей тереңдікте оқуды жалғастырмай, біртіндеп өз бағыты бойынша мамандана бастайды.

 Жастың өзі келесі білім сатысына дайындықтың жеткілікті өлшемі бола алмайды. ДДҰ 10–19 жас аралығын когнитивтік және психоәлеуметтік өзгерістер жалғасатын жасөспірімдік кезеңге жатқызады. Сондықтан ең алдымен түлектің академиялық және психологиялық дайындығын бағалау қажет.

 Сонымен қатар қазір Қазақстанның 26 жоғары оқу орны NIS түлектерінің оқу нәтижелерін таниды және бағдарлама мен жетістіктеріне қарай жекелеген пәндерді қайта есептей алады немесе қысқартылған білім беру траекторияларын ұсынады. Кейбір бағдарламаларда белгіленген талаптарды орындаған түлектер бірден екінші курсқа түсе алады.

 Сондықтан «11 жыл 12 жылдан жақсы, өйткені бала бір жыл үнемдейді» деген тұжырым сол бір жыл бүкіл білім алу жолынан шынымен қысқарған жағдайда ғана орынды. Ал егер 11 жылдық мектептен кейін оқушыға қосымша даярлық жылы (Foundation) қажет болса немесе басқа жүйеде жоғары мектепте оқытылатын материалды университетте меңгеруге тура келсе, уақыт жағынан үнем соншалықты айқын болмайды.

 Осылайша, екі модельдің де өз артықшылықтары мен тәуекелдері бар. 11 жылдық мектеп білімнің келесі сатысына ертерек өтуге мүмкіндік береді, бірақ қажетті даярлық көлемін қысқа мерзімге сыйғызуды талап етеді. 12 жылдық модель бейіндік даярлыққа көбірек уақыт береді, алайда қосымша бір жыл нақты әрі өлшенетін білім нәтижесін берген жағдайда ғана өзін ақтайды.

 Сондықтан модельдің орындылығын зерделеу жөніндегі тапсырма бұл мәселеге түлектің жасынан кеңірек қарауға мүмкіндік береді.

 Меніңше, 11 және 12 жылдық бағдарламаларда оқитын оқушылардың нәтижелерін, оқу жүктемесінің көлемі мен қарқынын, бейіндік даярлық деңгейін, түлектердің университеттегі кейінгі үлгерімін және «мектеп + жоғары білім» траекториясының жалпы ұзақтығын салыстыру қажет.

 11 жылдық модельге көшкен жағдайда 12-сынып мазмұнының не болатынын да түсіну маңызды. Егер бағдарламаның бір бөлігін еш шығынсыз алып тастауға немесе алдыңғы жылдарға ауыстыруға болса, бұл оқу мерзімін қысқартудың пайдасына айтылатын дәлел. Ал егер оның нәтижесінде апталық оқу жүктемесі артып немесе мектептен кейін қосымша даярлық қажет болса, онда мұндай үнемнің мәні де өзгереді.

 Білімге тең қолжетімділік мәселесі де бар. 12 және 13 жылдық бағдарламалары бар жекеменшік мектептер мемлекеттің шешіміне қарамастан жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан мықты екі жылдық жоғары мектеп ақылы білім алуға мүмкіндігі бар отбасылар үшін ғана басым мүмкіндікке айналып кетпей ме деген мәселені де ескеру маңызды.

Алайда ең басты мәселе мектептегі оқу ұзақтығынан да кеңірек болуы мүмкін.

Біз мектеп пен университетті бір-бірінен бөлек екі жүйе ретінде қарастырудан арылуымыз керек. Егер балаға мектепте бере алмаған білімді кейін университеттің бірінші және екінші курсында толықтыруға тура келсе, уақыттан ешқандай ұтыс жоқ — біз бұл міндетті жай ғана жоғары оқу орнына ауыстырамыз. Ал мықты жоғары мектеп, керісінше, университетке білім беруді жоғарырақ деңгейден бастап, күрделі кәсіби мазмұнға ертерек көшуге мүмкіндік береді.

 Болашақта дәл осындай сабақтастық мықты университеттердің қалыптасуына да, даярлық деңгейі мүмкіндік беретін жағдайда үш жылдық бакалавриатқа көшуге де негіз бола алады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: