Қазақстандық ғалымдар өнімділігі жоғары жаңа картоп сортын шығарды

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстандық ғалымдар жоғары өнімділігімен және бірқатар ауруларға төзімділігімен ерекшеленетін жаңа картоп сортын шығарды. «Айтхожин» деп аталған сортты Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен М.Ә. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының мамандары бірлесіп әзірлеген, деп хабарлайды «24KZ».

Жаңа сорт Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайына бейімделген. Оның өнімділігі гектарына 35 тоннаға дейін жетеді. Түйнектері сары түсті, домалақ-сопақша пішінді және көзшелері аз. Крахмал мөлшері 14,1–18,3%, ал С дәрумені 21,1–24,3 мг% деңгейінде.

 «Айтхожин» сорты ерте піседі. Ол картоптың мозаикалық X вирусына төзімді. Сонымен қатар альтернариоз бен фузариоздық солуға салыстырмалы түрде төзімділігі анықталған.

 Ғалымдар жаңа сортты шығару кезінде дәстүрлі селекциямен қатар биотехнологиялық және молекулалық-генетикалық әдістерді қолданған. Бірнеше жыл бойы оның өнімділігі, пісу мерзімі, түйнектерінің сапасы мен ауруларға төзімділігі зерттелген.

 Сортқа Қазақстандағы молекулалық биология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, академик Мұрат Айтхожиннің есімі берілген.

 Қазір ғалымдар «Айтхожин» сортын мемлекеттік сортсынаққа ұсынуға және оны селекциялық жетістік ретінде құқықтық қорғауға дайындалып жатыр. Кейін жаңа сортты өндіріске енгізіп, отандық тұқым шаруашылығын дамыту жоспарланған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: