Ақмола облысында ғалымдар бидайдың жаңа түрін шығарды

Ақмола облысында ғалымдар бидайдың жаңа сұрпын шығарды. «Таймас» деп аталатын тың тұқым әдеттегі астықтан гөрі ерте піседі әрі құрғақшылыққа төзімді келеді. Аймақта соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешені жақсы дамып келеді. Егінмен қатар мал шаруашылығы да кеңінен қанат жайған. Сондай-ақ өнімді өңдеу ісі де өңірде қолға алынған.

Шортанды ауданында орналасқан Александр Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары бүгінге дейін 30-дан астам бидай сұрпын әзірлеген. Ал олар қазір аймақтағы егістік алқаптарының 70 процентіне себіліп жүр. Жаңадан зерттелген «Таймас» сұрпы да алдағы жылдары қолданысқа енгізіледі. Бидайдың жаңа түрі гектарына 35 центнерге дейін өнім беруі мүмкін.

Әділхан Бәбкенов, бидай селекциясы бөлімінің меңгерушісі:

- Бұл орташа ерте пісетін сұрып. Нақтырақ айтсақ, 90-95 күнде жетіледі. Ол құрғақшылыққа және түрлі ауруларға төзімділігімен ерекшеленеді. Ал төзімділік гені ЛР-19 және ЛР-37.

Мал шаруашылығының дамуы да егіннен кем емес. Аймақта жыл сайын жаңа фермалар салынып жатыр. Кәсіпкерлер әсіресе асыл тұқымды ірі қараға ден қойған. Мәселен, қазір Ақкөл ауданындағы Домбыралы елді мекенінің жанынан 300 басқа арналған сүт фермасы бой көтеруде.

Мәди Есқараев, «Ақкөл Агро» серіктестігінің директоры:

- Күзде біз шетелден, Германия мемлекетінен сементаль тұқымын алып келе жатырмыз. Осы жылы іске қосылады деп ойлаймыз. Қаңтар, ақпан айларында 2022 жылы сүт ала бастаймыз.

Ал Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы сүт зауыты жақында жаңа қондырғылар орнатып, өндірістік қуаттылығын арттырмақ. Қазір кәсіпорын күніне 3 тоннаға жуық өнім шығарып отыр. Мұнда жергілікті 36 адам жұмыспен қамтылған. Олар сүт өнімдерінің 10 шақты түрін өндіріп келеді.

Вадим Батюта, сүт зауытының директоры:

- Біз шикізатты Аршалы, Целиноград және Астрахан аудандарынан тасимыз. Яғни арнайы көлік жіберіп, ауыл халқынан сатып аламыз. Ал дайын өнім Нұр-Сұлтан қаласы мен облыстың аудандарына таратылады.

Жалпы Ақмола облысында 15 сүт зауыты бар. Ал оларды шикізатпен қамтамасыз ету үшін өткен жылы өңірде 20 шақты ферма іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады.

Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный